Саясат

Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктегі ауыс-түйіс туралы айтты

© Sputnik / Владислав ВодневКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.04.2021
Жазылу
Президент мемлекеттің қауіпсіздігі және халықтың әл-ауқаты жемқорлықпен күресте жүзеге асырылатын жүйелі әрі тиімді шараларға тікелей байланысты екенін атап өтті 

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Алик Шпекбаевқа алғыс айтып, агенттікке бірқатар тапсырма берді.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбукте Тоқаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзін жариялады.

"Менің жарлығыма сәйкес Алик Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды. Агенттікте оның басшылығымен жемқорлықпен күресте ауқымды жұмыс атқарылды. Осы құрылымның қызметі айтарлықтай жаңғырды. Жемқорлыққа қарсы бірқатар жоба мен бастама қолға алынды. Солардың қатарында "Adaldyq alany", "Antikor ortalygy", "Adal bilim" және тағы басқалары бар", - деген президент Шпекбаевқа осы қызметтегі табысты жұмысы үшін алғыс айтты. 

Сондай-ақ ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына Марат Ахметжановты неге тағайындағанын түсіндірді.

"Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол маман. Әділет министрлігінде, Бас прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. Кезінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орынбасары болды. Сондықтан мен оны осы лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдадым", - деді мемлекет басшысы.

Тоқаев мемлекеттің қауіпсіздігі және халықтың әл-ауқаты жемқорлықпен күресте жүзеге асырылатын жүйелі әрі тиімді шараларға тікелей байланысты екенін атап өтті. 

Оқи отырыңыз: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің жаңа басшысы тағайындалды

Президент агенттік алдында тұрған бірқатар маңызды міндетке тоқталды.

"Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет. Мұндай шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Ондай тәсілдің кері әсері болады. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады", - деді Тоқаев.  

Айтуынша, агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет. 

Екіншіден, қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдарына айналуы керек.

Президент қазір өзінің тапсырмасымен "Қоғамдық бақылау туралы" заң әзірленіп жатқанын еске салды.

Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ белсенді азаматтарға құқықтық бақылау құралдарын береді. Осы заң жобасының әлеуетін барынша пайдаланып, қоғамды жемқорлықпен күресуге кеңінен тарту қажет, деп жалғастырды мемлекет басшысы.

"Үшіншіден, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән берген жөн. Мұны "follow the money" қағидаты дейді. Қылмыстық жолмен алынған дүние-мүлікті тәркілеу жөніндегі бұлжымас қағидат сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген іс-әрекеттен аулақ болуға ынталандыруға тиіс. Бұл жұмысты Агенттік қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп атқаруы керек", деді Тоқаев.

Сонымен қатар, президенттің тапсырмасымен қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды.    

Президент агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырды.

"Жалпы, халықаралық озық тәжірибені ескеріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізуді жалғастыра берген жөн. Қоғам, бизнес және инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге тиіс. Жаңа басшы агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түседі деп сенемін", - деді Тоқаев.

Жаңалықтар
0