Мәдениет

"Күтпеген жағдай болды": ХХІ ғасырдың Ерболы мен Меңтайы сұхбат берді

Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романы негізінде түсірілген телесериалда басты рөлді сомдаған актерлар түсірілім кезінде оянған сезім мен отбасылық өмірі жайлы баяндады
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 сәуір – Sputnik. Абай "ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл" деген. Ал ел арасында "махаббат пен жөтелді жасыра алмайсың" деген сөз бар. Рас, сезім оты жүректе лаулап, жанар арқылы берілсе, сезілсе керек. Дәл осындай ғашықтық сезімін бастан өткеріп, бірнеше ай бір алаңда жұмыс істеп, артынша шаңырақ көтергендер арамызда бар. Sputnik Қазақстан бір фильмнің арқасында бағы жанған қос ғашықтың оқиғасын ұсынады.

Жуырда Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романының желісі бойынша түсірілген телесериал көрерменге жол тартты. Фильмнің түсірілімі төрт айға созылған. Басты рөлді Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова сомдады. Қос актер дәл Ербол мен Меңтайдай бір оқу орнында оқиды. Алайда олардың тағдыры роман желісінен мүлде бөлек: бастапқыда сырттай таныс болған екі жас түсірілім аяқталған соң бірден шаңырақ көтерді.

Сезім мен ой арпалысы

Кастинг онлайн форматта өткендіктен екі актер бірге рөл сомдайтынын білмеген. Түсірілімнен бір ай бұрын образды ашу мақсатында олар басқа әріптестерінен бөлек дайындалған. 

"Күтпеген жағдай болды": ХХІ ғасырдың Ерболы мен Меңтайы сұхбат берді

"Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түскенімде Ермек 3-курста оқып жүрді. Бір-бірімізді сырттай білдік. Алайда ашық әңгіме айтқан емеспіз. Түсірілім кезінде, дайындық барысында таныстық. Бірден жақсы сөйлесіп кеттік деуге келмейді. Түсірілім басталмастан бір ай бұрын режиссер шақырып, рөлімізді, образымызды түсіндірді. Бір ай бойы бірге дайындалып, түсінісіп кеттік", - дейді Нарқыз.

Ал Ермек фильм түсірілімі кезінде махаббат сахнасы мен сезімге толы мәтіннің көп болғанын айтады.

"Күтпеген жағдай болды... Дайындық барысында Ербол мен Меңтайдың махаббат сахналарын сомдадық. Мәтіннің өзінде сезімді білдіру сахнасы көп еді. Дайындық кезінде ұшқын пайда болғандай көрінді. Содан түсірілімге келіп, бір жарым ай өткеннен кейін махаббат, сезім бар екенін білдім. Сезім бірінші менде оянды", - дейді Ермек.

Содан кейін жұмысты жеке өмірмен араластырмаймын деп жүрген жас жігіт өз ережесінен аттап, қызға сезімін айтқан. Қыз-жігіт болып кездесуге ұсыныс жасаған.

"Оған дейін жұмысқа тек жұмыс ретінде қарап, түсірілім алаңында ешкіммен жеке қарым-қатынас орнатпаймын деген жеке заңым болатын. Сезімді білдіру мен үшін оңай болған жоқ. Нарқыздың да маған деген ықыласын байқадым. Содан "жіберіп алуға болмайды" деген шешімге келдім", - деп еске алды Ермек.

 Актерлер түсірілім жұмыстарының жеңіл болмағанын айтты. Бастапқыда бір-бірінің денсаулығына аса қатты көңіл бөлмегенімен, уақыт өте келе қамқорлық танытқан. Ермектің айтуынша, қыз-жігіт болып кездесе бастаған соң бір-бірін демеп, қарайласқан.

"Кітап желісі бойынша Ербол мен Меңтайдың арасында махаббат сахнасы өте көп. Барынша шынайы жеткізуге тырыстық. Бір-бірімізге деген сезім бір жарым ай бірге жұмыс істегеннен кейін пайда болды дейміз, алайда алғашқы махаббат сахнасын сомдағаннан кейін іште өзгеше сезім оты жанды. Бірақ менің тарапымнан да, Ермектің тарапынан да ол айтылған жоқ. Дей тұрғанмен, бір-бірімізді алғаш көрген кезде сырттай ұнату сезімі болды", - дейді Меңтай рөлін сомдаған Нарқыз.

Ербол мен Меңтайға ұқсай ма?

Қос ғашықтың айтуынша, екеуінің арасындағы сезімді өздерінен бұрын түсірілім алаңындағылар байқаған. Тіпті түсірілім жұмыстары басталған сәтте "екеуің фильмге түсіп болған соң отбасы боласыңдар" деп те әзілдеген екен.

"Сондай сәтте "жоқ" деп бой бермеген едім. Себебі өнер саласына келген соң күйеуімнің де осы саладан болғанын қаламадым. Ермек те дәл солай өнер адамымен бас қосамын деп ойламаған. Ал қазір бір үйде екі адамның бір салада болғанына қуанамыз. Бір-бірімізді түсінеміз, ортақ әңгіме бар", - дейді Нарқыз.

Нарқыз күйеуінің бойында Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романындағы Ерболға тән бірнеше қасиеттің бар екенін айтты.

"Кітапта Ерболды салмақты, намысшыл азамат ретінде бейнелеген. Ермектің бойында да сондай қазақылық, намыс, өзіне тән сабырлы мінез бар. Басқа ер адамнан байқамаған қасиетті Ермектен көрдім. Мүмкін тұрмысқа шығуыма да сол әсер еткен шығар...", - дейді Нарқыз Айдарова.

"Қыз қылығымен тәтті. Ең алдымен қылықтылығы, сыпайылығы баурап алды. Әр адамның өз теңі бар дейді ғой. Маған керектің бәрін Нарқыздан таптым", - дейді Ермек.

Махаббат, қызық мол жылдар

Нұр-Сұлтан қаласында "Фолиант" баспасы "Махаббат, қызық мол жылдар" романын жаңа мұқабамен басып шығарды. Мұқабаға сериалдағы басты кейіпкерлер Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарованың фотосын қойған. Жастар мұны естігенде көзіне жас алыпты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от «Фолиант» баспасы (@foliant.kz)

 "Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Бұған дейін өзімізді теледидардан көрген кезде мұндай сезім болған жоқ. Кітаптың сыртын көріп, кітапты ұстап көрген кезде өзімізді тарихқа үлес қосқан адам ретінде сезіндік. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сериал шыққан кезде көпшіліктің бізге деген қызығушылығы мұндай болған жоқ. Кітап шыққан соң жан-жақтан хабарласып, телефонымызға тыным болмай кетті", - деп күлді Ермек.
Нарқыз өзі 5-сыныпта оқыған шығармасы қайта басылып шыққан кезде мұқабасында өз фотосы тұратынын бір кездері ойламағанын жеткізді.

"Мектеп кезінде Меңтай образына ғашық болып, араға осынша жыл салып, ең сүйікті шығармамның мұқабасында суретім тұрғанына әлі сене алар емеспін... Біз үшін бұл үлкен тарих", - дейді актриса.

Оқи отырыңыз: "Айғайладым! Мұндай дүние үнсіз жазылмайды": Олжас Сүлейменов сұхбат берді

Әңгіме соңында Ермек Тұрғанбек сериалдың арқасында отбасы құрғанын, кітап мұқабасына шығып, тарихтың бір бөлшегі болғанын айтты.

"Сериалды көріп жатқан көрермендердің арасында сын айтқаны да, ұнатқаны да бар. Ол да жақсы. Ал кітаптың қайта басылып шыққанына қуаныштымыз. Үлкен тарихтың бір бөлшегі болу – үлкен бақыт", - деп түйіндеді Ермек Тұрғанбек.

P.S.2020 жылдың 19 қыркүйегінде "Махаббат, қызық мол жылдар" сериалының түсірілімі аяқталып, 23 жастағы Ермек Тұрғанбек пен 21 жастағы Нарқыз Айдарова 20 қыркүйекте бас қосты. Ал романда Меңтайынан айырылған Ербол XXI ғасырда ғашығынан бір күнге де алыстағысы келмеген.

"Махаббат, қызық мол жылдар" сериалы 2021 жылдың 9 наурызынан бастап "Қазақстан" ұлттық арнасынан көрсетіліп жатыр. Сериал 25 бөлімнен тұрады.