Экономика

Бензин қымбаттап жатыр: мәжіліс депутаты шұғыл шара қабылдауды талап етті

Халық қалаулысы үкіметке жолдаған сауалында энергетика министрлігінің бензин бағасына қатысты мәлімдемесін сынға алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Альберт Рау бензин бағасын реттеуге қатысты шұғыл шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісмен бензиннің қымбаттауына байланысты премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Айтуынша, жыл басыан бері АИ-92 маркалы бензин Алматыда бір литріне 150 теңгеден 168 теңгеге дейін, Нұр-Сұлтанда 170 теңгеге дейін, Ақтауда 172 теңгеге дейін, елдің мұнайлы астанасы Атырау қаласында 200 теңгеге дейін қымбаттаған.

Депутат бейінді ведомство бағаның өсуін бұрын импортқа тәуелділікпен, мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарымен түсіндірсе, бұл жолғы қымбаттауды Атырау мұнай өңдеу зауытының апатты жағдайда тоқтауымен байланыстырып отыр деп санайды.

"Өндірісте ақаулар болып тұратыны түсінікті, бірақ біздің ойымызша, бұдан автокөлік иелері зардап шекпеуі керек. Бензиннің қымбаттауы түптеп келгенде тарифтерге, тауарлар мен қызметтер бағасына мультипликативті әсер етеді. Соның кесірінен тағы да қарапайым тұтынушылар зардап шегеді", – деді Рау.

Сонымен қатар, ол бензин бағасының өскені туралы жаңалықтан кейін, энергетика министрлігінің "ведомство жанар-жағармай бағасына жауапты емес" деген мәлімдемесін сынға алды. Хабарламада "ішкі нарықта мұнай өнімдерінің бағасы реттелмейтіні, нарық бағаны сұраныс пен ұсыныс негізінде айқындайтыны" жазылған.

"Жұмсартып айтқанда, бейінді министрліктің біртүрлі позициясы айқын стратегия мен бензин бағасының өсуін тежейтін шаралардың жоқтығын көрсетеді", – деді депутат.

Оқи отырыңыз: Мұнай өңдеу төмендеді: елде бензин тапшылығы болмай ма

Осыған байланысты мәжілісмен үкімет жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет екенін айтты. Сондай-ақ, бензин бағасын реттеудің тиімді тетіктерін әзірлеп, енгізу қажет.