НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. 2021 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі төмендеген. Соған қарамастан, елде жанар-жағармай тапшылығы болмайды. Бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, өткен айдың қорытындысы бойынша 1 миллион тонна мұнай өнімдері өндірілді, жоспар 90,5% орындалды.
Автобензин бойынша көрсеткіш – 410 мың тонна, яғни қаңтар айының жоспары – 91,2%. Өндірілген дизель отынының көлемі 326 мың тонна, бұл 77%. Әуе отыны бойынша көрсеткіш 35 мың тоннаға тең, яғни 91,4%.
"Аталған көрсеткіштердің төмендеу себептері мынадай: осы жылдың 10-18 қаңтар аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытында электр энергиясын жеткізуде іркіліс пайда болды. Осы жағдай каталикалық крекинг және реформинг қондырғыларының толықтай және ішінара істен шығуына алып келді", - деді Ноғаев үкімет отырысында.
Десе де, ол мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемінің төмендегеніне қарамастан, ішкі нарықта мұнай өнімдерінің қоры тұрақты екенін атап өтті.
"16 ақпандағы жағдай бойынша ішкі нарықта бензин 251 мың тонна немесе 24 күнге жететін қорымыз бар. Дизель отыны 357 мың тонна немесе 38 күнге жетеді", - деп сендірді ведомство басшысы. Сонымен қатар, айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ақау мазут өндірісіне әсер етпеген. Оның көрсеткіші 242 мың тонна, яғни қаңтар айының жоспары 116%-ке асыра орындалды.
Мұнай-газ-химия өнімдерінің көлемі 22,7 мың тоннаға жетті, бұл қаңтар айының жоспарынан асып түсті – 111,5%.
Ноғаевтың айтуынша, биыл қаңтар айында қолайсыз ауа райына байланысты (тұман, жаңбыр, ылғалдылық, мұз қату) электр желілеріндегі жоғары вольтты коммутациялық құрылғыларда ақау пайда болды.
Бұл "Теңізшевройл" және "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысына кері әсер етті. Электр энергиясын жеткізудегі іркіліс салдарынан электр қуаты төмендеп, екінші буын зауытының тоқтауына, шикізатты жер қойнауына кері айдау және кешенді технологиялық тізбек өндірісінің ішінара қысқаруына әкеп соқты.
Қазір энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшылығы мүдделі тараптармен тергеу жүргізіп жатыр.