Оқиға

Түркістанда жүргізуші полиция қызметкерін көлігімен сүйрей жөнелді – видео

Ол мұндай әрекеті үшін миллиондаған айыппұл төлеп, қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Түркістан облысында полиция тәртіп сақшысын 30 метр қашықтыққа сүйреген жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Оқиға Жетісай ауданында болған. Жергілікті полиция қызметкерлері көшелердің бірінде патрульдеу кезінде терезесі қараңғыланған автокөлікті тоқтатқан, деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құжат тексеру барысында патрульдік қызмет инспекторы полиция майоры Ертау Саурамбаев автокөлік терезесін қараңғылау неліктен заңға қайшы екенін түсіндіріп жатқан. Полиция қызметкері Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлімі "Көлік құрадарын пайдалану ережелерін бұзу" бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Аталған бапқа сәйкес көлік иесі 5 айлық есептік көрсеткіш (14,5 мың теңге немесе 4 доллар) көлемінде айыппұл төлеуге тиіс.

"Тәртіп сақшысы автомобиль иесінен көліктегі қараңғылайтын қабыршақты алып тастауды сұраған кезде жүргізуші талапқа бағынбай, жасырынбақ болған. Адам өміріне төнген қауіпке қарамастан, құқық бұзушы полиция қызметкерін автокөлікпен 30 метр қашықтыққа сүйрей жөнелген. Мұның барлығы патрульдік полицейдің бейнежетонына түсіп қалған", - деді департамент.

Нәтижесінде полиция Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлімі – "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл бап 3 000 АЕК (8,7 миллион теңге немесе 20 мыңнан астам доллар) көлемінде айыппұл төлеуді немесе үш жылға бас бостандығын шектеуді немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Заңға қайшы әрекет жасаған азаматтың көлігі айып тұрағына қойылды. Істің мән-жайын анықталып жатыр.