НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Түркістан облысында полиция тәртіп сақшысын 30 метр қашықтыққа сүйреген жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиға Жетісай ауданында болған. Жергілікті полиция қызметкерлері көшелердің бірінде патрульдеу кезінде терезесі қараңғыланған автокөлікті тоқтатқан, деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Тәртіп сақшысы автомобиль иесінен көліктегі қараңғылайтын қабыршақты алып тастауды сұраған кезде жүргізуші талапқа бағынбай, жасырынбақ болған. Адам өміріне төнген қауіпке қарамастан, құқық бұзушы полиция қызметкерін автокөлікпен 30 метр қашықтыққа сүйрей жөнелген. Мұның барлығы патрульдік полицейдің бейнежетонына түсіп қалған", - деді департамент.
Нәтижесінде полиция Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлімі – "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл бап 3 000 АЕК (8,7 миллион теңге немесе 20 мыңнан астам доллар) көлемінде айыппұл төлеуді немесе үш жылға бас бостандығын шектеуді немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Заңға қайшы әрекет жасаған азаматтың көлігі айып тұрағына қойылды. Істің мән-жайын анықталып жатыр.