Әлем

Ресейді SWIFT жүйесінен ажыратудың салдары қандай болмақ

Сарапшылар Ресейдің доллар мен еуро түріндегі экспорттық және импорттық операцияларының көлемі үлкен екенін айтып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ресейді SWIFT-тен – жаһандық банкаралық байланыс жүйесінен ажырату туралы АҚШ ғана емес, Еуропа елдері де айта бастады. Бұл жолы үйлестірілген қатаң шара қабылдау жайлы ұсыныс Еуропарламентте сөз болды, деп жазды РИА Новости.  

Екі жүз елдегі 11 мыңнан астам ұйым SWIFT халықаралық банкаралық ақпараттарды жолдау және төлемдер жүргізу жүйесіне қосылған. Ресей SWIFT-ті пайдаланушылардың үздік үштігіне кіреді. Бұл жүйеден Ресейді ажыратамыз деген әңгіме 2014 жылдан бастап айтылып келеді. Оған сылтау әртүрлі – Қырым, Донбасс, Скрипальдар ісі және блогер Алексей Навальныйға қатысты жағдай. Джо Байден АҚШ президенті қызметіне кірісе салысымен Ресейді SWIFT-тен ажыратуға уәде берді.

Еуропа Ресейді коронавирус туралы жалған ақпарат таратты деп айыптады
Желтоқсанда Reuters агенттігі Байденнің жоспарымен таныс өз ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, АҚШ басшысы елдің мемлекеттік мекемелеріне хакерлік шабуыл жасағаны үшін Мәскеуді жазалағысы келетінін хабарлады. Бұл "Ресейге ауқымды экономикалық, қаржы немесе технологиялық шығын әкелуге тиіс". Соның бірі – SWIFT-тен қол үзу. Бұл туралы Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының киберқауіпсіздік саласындағы сарапшысы Джеймс Эндрю Льюис мәлімдеді.

Сәуірде Украинаның шығысындағы жағдай өршіп кетті. Бұл – жаңа себеп. Еуропа осы жағдайды қалт жібермеді. Еуропарламенттің жетекші фракциясы – Еуропа халық партиясының басшысы Манфред Вебер атап өткендей, Мәскеу "қауіпті арандатуларды жалғастыра береді".

Оның пікірінше, Украина шекарасына жақын маңда "әскери араласуды күшейту арқылы" Мәскеу Батыстың шыдамын тауысып жатыр. Сондықтан АҚШ пен ЕО үйлестірілген жауап қайтаруы керек. Парламентарий атап өткендей, жағдай ушықса, шағын санкциялар кезеңі аяқталады. Вебер шынайы әсер ететін шара ретінде "олигархтардың есепшоттарын ауқымды көлемде бұғаттау" және SWIFT-тен ажыратуды ұсынды.

Бір жағынан Ресейдің 2014 жылы іске қосылған өз қаржы хабарламаларын жолдау жүйесі (ҚХЖЖ) бар. Оған барлық ресейлік банк пен Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіретін онға жуық шетелдік мемлекет қосылған. SWIFT-тен ажыратылған соң банктер ресейлік аналогқа көшеді. Алайда халықаралық төлемдер жүргізу үшін ҚХЖЖ толыққанды алмастыра алмайды. Сондықтан мұның салдары ауқымды болатын түрі бар.

Ресей елшілігі АҚШ таққан айыпқа жауап берді
Сарапшылар Ресейдің доллар мен еуро түріндегі экспорттық және импорттық операцияларының көлемі үлкен екенін айтуда. Ал өнімдердің көптеген тобы бойынша баламасын табу мүмкін емес.

"SWIFT-тен ажырату ресейлік банктердің транзакцияларын тежейді, - деп санайды "Бета қаржы технологиялары" индекс компаниясының бас стратегі Арарат Мкртчян. – Бәрінен бұрын ірі экспорттаушылар үлкен зиян шегеді. Олар өз операциялық жұмысына қызмет көрсету үшін шетелдік банктермен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Шектеуді айналып өтетін делдал көбейеді. Әсіресе бұл ЕАЭО елдерінің қаржы институттары үшін ұтымды болады".

Әйтсе де бұл соншалықты апатты жағдай емес.

"Ресейлік банктерді SWIFT-тен ажырату контрагенттер арасындағы қаржы транзакцияларының қымбаттауы немесе баяулауын білдіреді. Соған қарағанда дәстүрлі тізбе бұзылады да, оның қалпына келуіне біршама уақыт кетеді. Шамамен бір немесе екі аптада бәрі орнына келуі керек", - деді QBF жетекші аналитигі Олег Богданов.

Сарапшының айтуынша, ресейлік резиденттердің доллар түріндегі есепшоттары бұғатталса онда жағдай басқа бағытта өрбиді. Онда нарықта дүрбелең туындауы мүмкін. Барлығы "сабырға келуі" үшін бір немесе екі тоқсан уақыт кетуі мүмакін. Бірақ қалай болғанда да қаржылық байланыс бәрібір қалпына келеді.

Валюта күрт ауытқитыны анық. Әйтсе де қысқа мерзімде рубль бағамының тұрақсыздығынан кейін қайта қалыпқа келеді.

АҚШ Ресейдің ақталғанын қалайды – сарапшы пікірі
"Жалпы SWIFT-тен Ресейді ажырату туралы шараның астарына үңілсек, онда бұл сол қорқыту күйінде қалатын секілді. Біріншіден, SWIFT - ресейлік банктердің есебінен табыс көріп отырған жеке компания. Оның үстіне олар бұл жүйені халықаралық транзакциялар үшін ғана емес, ішкі банкаралық аударымдар үшін де қолданады", - деп жазды басылым.

SWIFT біреуді жүйеден ажыратуы үшін ЕО шешімі немесе АҚШ-тың SWIFT-ке қарсы санкциясы қажет. Бірақ ондай жағдайда Ресейдің сауда серіктестері - еуропалық және америкалық бизнес тыс қалып қояды.

"Бұл жағдайды ресейлік компаниялар және мемлекетке алдында тұрған міндеттемелер бойынша төлем жасауға мәжбүрлемейтін форс-мажор деп санауға болады. Елдің сыртқы қарызы – шамамен 450 миллиард доллар. Сәйкесінше кредит берушілерде қаржылық проблема туындайды. Сонымен қатар негізгі сауда серіктестерімен арадағы операциялар қиындай түседі. Оның бірі – Еуроодақ. Сондықтан Еуропарламенттегі үндеу сылдыр сөз ғана", - деп санайды "Открытие Брокер" компаниясының жтекші аналитигі Андрей Кочетков.

АҚШ-тың жағдайы да мәз болмайын деп тұр. Біріншіден, Вашингтонның SWIFT-ке ықпалы соншалықты көлемді емес. Оның штаб-пәтері Бельгияда орналасқан. Екіншіден, Ресей жауап ретінде америкалық банктер мен саясаткерлерге қарсы қатаң санкция қабылдауы мүмкін.