НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір - Sputnik. Қазақстандық спортшы Татьяна Ахметова-Аманжол Токио олимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алды, деп хабарлайды ұлттық олимпиада комитетінің сайты.
Алматыда әйелдер күресі бойынша Азия іріктеу турнирі өтті. Жартылай финал қорытындысы бойынша 53 келіге дейінгі салмақта Ахметова-Аманжол Токио ойындарына жолдама жеңіп алды.
Қазақстандық спортшының қарсыласы кореялық Хонгжу Ким болды. Татьяна қарсыласынан 11:1 есебімен басым түсті.
"Жарақатым біраз кедергі келтіргені болмаса, жекпе-жек жақсы өтті. Мен өзіміз ойластырған жоспар бойынша әрекет еттім", - деді спортшы.
Татьяна 2015 жылы Ресейде өткен жекпе-жек кезінде сол аяғын жарақаттап алған болатын. Кейін ота жасалды. Видеода ескі жарақаты қайта сезілгені байқалады.
Оқи отырыңыз: Жапонияда жазғы Олимпиада ойындарының алау эстафетасы басталды – фото
Желі қолданушыларын спортшының күш-жігері таңдандырып, оған тезірек жазылып кетуін тіледі.
"Осындай спортшылармен мақтанғанымыз жөн. Ерік-жігері мықты. Жарайсың! ", "Нағыз балуын", - деп жазды олар.