Өңірлер

Таңғы бесте шу шығарған: Шығыс Қазақстанда шенеунік қызметтен қуыла ма

Бұған дейін теріс әрекеті қоғам арасында қызу талқыланған мәдениет басқармасының басшысы кінәсін мойындап, айыппұл төлеген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда мәдениет басқармасының басшысы Мирас Жұмағұловқа қатысты тәртіптік іс қаралды, деп хабарлайды жергілікті yk.kz басылымы.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері Мирас Жұмағұловты қызметінен босату керек деп шешім қабылдаған. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкіміне жолданған ұсыныста Жұмағұловтың мемлекеттік қызметшілер туралы әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны айтылған.

"30 наурызда Жұмағұлов мемлекеттік қызметшілер туралы әдеп кодексіне қайшы әрекет жасады. Ол масаң күйде 5.00-де көшеде шу шығарған. Сондай-ақ сараптама оның орта деңгейде мас болғанын растады", – делінген ақпаратта.

Ал Мирас Жұмағұловтың өзі болса кінәсін мойындап, айыппұл төлеген.

Бұған дейін шенеуніктің теріс әрекеті туралы ақпарат қоғам арасында қызу талқыланған. Ол жерде басқарма басшысы караокеге барып, бір қызбен танысқаны айтылған. Тіпті, шенеунік үйінің маңына келгенде жанжал шығып, полицияға хабарласпақ болған қыздың қолынан телефонды тартып алған.

Көршілері тәртіп сақшыларын шақырған соң, полиция өкілдері екі адамға да хаттама толтырылғанын растады.

Оқи отырыңыз: Видеосы тарады: талдықорғандық шенеуніктердің біртүрлі әрекеті талқыланып жатыр

Ал мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бұл оқиғаның мән-жайын анықтау үшін аталған факті бақылауға алынғанын да жария еткен.