АЛМАТЫ, 5 сәуір – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қабылдаған қаулысын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Брифинг кезінде Бекшин Рамазан айы қарсаңында қала тұрғындарына үндеу жасады.
Айтуынша, жағдай тұрақталғанша қалада діни нысандар жабық болады.
Айта кетейік, қаланың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері ашық болады. Азық-түлік дүкендері 06.00-ден 00.00-ге дейін жұмыс істейді. Азық-түлік сатпайтын дүкендер кешкі сегізге дейін жұмыс істейді.
Қаулыға сәйкес, демалыс күндерінен басқа жұмыс күндері жабық әмбебап базарлардың қызметіне рұқсат берілген. Ашық базарларға, сондай-ақ жабық азық-түлік базарларына жексенбіден басқа жұмыс күндері жұмыс істеуге рұқсат берілді.
Шаштараз, косметологиялық қызмет, сұлулық салондары алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қызмет көрсететін орталық қызметкерлері адамдарды үйде қабылдай бастаған. Мұндай жағдайда санитарлық шаралар сақталмайды. Сол себепті сұлулық салоны қызметіне рұқсат берілді.