Қоғам

Жаппай вакциналау тоқтатылады: Алматыда екпе салуға қатысты өзгеріс енгізілді

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы вакцина жетпей қалуы мүмкін болғандықтан осындай шешім қабылданғанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Алматыда екпе салдырғысы келгендердің бәрін жаппай вакциналау уақытша тоқтатылады. Ал осал топқа жататын тұрғындар COVID-19-ға қарсы вакцинацияға шақырыла береді. Бұл туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нариман Табынбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, медициналық мекемелер бір күнде 9 мыңнан 11 мыңға дейін вакцина еге алады. Егер сауда орындары осы процеске қатысса, вакциналау мүмкіндігі артады.

"Сондықтан соңғы екі күнде біз одан әрі қалай жұмыс істеуге болатындығын және вакцинация пункттерінің өткізу қабілетін дамыту мен оны қалай көбейту керектігін түсіндік. Қалай десек те, қала жаппай вакциналауға дайын. Ал жаппай вакциналаудың уақыты мен күні екпені жеткізу кестесімен анықталады. Біз бұл туралы кейінірек хабарлаймыз", – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір қала билігі медициналық мекемелердің вакциналауға дайындығын 100% деңгейінде бағалайды. Емханалардан басқа Asia Park сауда ойын-сауық орталығы мен Республика сарайында вакцинация пункттері жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Жақын уақытта Mega Almaty мен Mega Park сауда ойын-сауық орталықтарын іске тарту жоспарланып отыр.

Табынбаев осы айда мегаполиске "Спутник V" бірінші компонентінің 250-300 мың дозасы жеткізілетінін атап өтті.

"Үш-төрт күннен кейін "Спутник V" жаңа партиясы келгеннен кейін жаппай вакциналау жалғасады. Әзірге екпе салдырғысы келгендердің бәрін жаппай вакциналау уақытша тоқтатылады. Ал әлеуметтік санаттағы халықтың осал тобына жоспарлы вакцинация жалғасады. Дегенмен, вакцина қоры бар кейбір пунктте көңілі қалағандарға кезек бойынша салына береді", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Вакцина ма, бос құты ма: Қытайдан әкелінген жүктің ішінде не болғаны анықталды

Айта кетейік, бүгінгі таңда Алматы қаласы денсаулық сақтау министрлігінен төрт траншпен 50 000 вакцина алды. Соңғы екі транш 34 900 дозаны құрады.

Ал жұма мен сенбіде 17 мыңнан астам адамға вакцина егілді.

"Жексенбіде тіркеуі бар немесе жоқ еріктілерге де вакцина егу жалғасын тапты", – деп толықтырды басқарма басшысы.

Жаппай вакциналау басталғанда қаланың барлық ауданы екпеге бірдей қол жеткізеді. Болашақта тіркеудің бар-жоғына қарамай вакциналау орталықтары егу жұмыстарын жүргізе бастайды.