НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз — Sputnik. Қазақстандықтар әлеуметтік желіде үш миллион қытайлық екпенің әкелінгені туралы ақпаратты талқылауда. Sputnik Қазақстан тілшісі жеткізілген екпе емес, вакцинаға арналған үш миллион құты екенін анықтады.
Бұған дейін Қытайдың еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо бірқатар БАҚ-қа сұқбат берген болатын. Осылайша, кейбір сайттарда "Қазақстанға Қытайдан үш миллион вакцина құтысы жеткізілді" деген ақпарат тарады.
Журналистер қытайлық екпе туралы ақпаратты денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан сұрады. Ол Қытайдан екпе жеткізілмегенін, бұл мәселе келіссөздер деңгейінде екенін айтты.
Оныншы наурыз күні "Синьхуа" агенттігі Қазақстанға вакцинаға арналған үш миллион бос құты жіберілгенін жазды.
Ақпаратты қытай тілінде де оқи аласыз.
16 наурыз күні "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының сайтында баспасөз хабарламасы жарияланды. 2021 жылғы 14 наурызда Алматыға "Цзянсу" халықаралық пойызы келіп тоқтады. Хабарламаға сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцинаға арналған үш миллион бос құты бар 1 110 жәшік әкелінген.
"Маңызды жүк сегіз күн ішінде белгіленген мекенжайға жеткізілген. Пойыз 2021 жылғы 6 наурызда Ляньюньган қытай-қазақстандық материалдық-техникалық базасынан шыққан", - делінген сайтта.
Бұдан бұрын денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Sinovac Biotech фармацевтикалық компаниясымен COVID-19-ға қарсы қытайлық вакцинаны жеткізу бойынша келісімшарт жасалмағанын алға тартты. Сондай-ақ ол расталған коммерциялық ұсыныс болған жағдайда бұл екпені сатып алуға дайын екенін қосты.