Қоғам

Қазақстанда қатаң карантин енгізіле ме?

Бүгінде дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтардың тапшылығы байқалады. Ал Тоқаев жансақтау бөлімдерінің барлығы орташа есеппен 64 процентке ғана дайын екенін ашық айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлады. Біз коронавирустың таралуы жағынан "қызыл" зонада тұрмыз. Әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматыда жағдай ушыққан соң екі қаланы толығымен жаппаса да, карантинді күшейтті. "Қызыл" аймаққа бір табан жақын тұрған облыстар да бар. Көктем болса, енді басталды. Алдағы уақытта не болады? Қатаң карантин қайта енгізіле ме? Ең маңыздысы жазға қарай былтырғы жағдай қайталанбай ма? Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселелерді зерделеп көрді.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағанын статистикадан анық байқауға болады. Наурыздың ортасында күн сайын, шамамен мың адамның коронавирус жұқтырғаны анықталса, бүгінде олардың саны екі есеге өсіп отыр. Содан президенттің өзі үкіметті жинап, шұғыл түрде жиын өткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, эпидемиологиялық ахуал өте күрделі.

"Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген ел бастан өткеруде. Оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штаммдары болып отыр", – дейді Тоқаев.

Бүгінге дейін елімізде коронавирустың үш штаммы анықталды. Олар – британдық, бразилиялық және оңтүстік африкалық штаммдар. Үшеуі де сырттан келді. Британдық штамм ең қауіпті дейді. Одан өлім-жітім көп болады екен. Вирустың таралу қарқыны да қатты. Ал шетелдік ғалымдар мутацияға ұшыраған коронавирустың қауіпті болатынын растап отыр. COVID-19 инфекциясын туғызатын SARS-CoV-2 вирусының құрамында 15 ген бар екен. Вирустың өзі үнемі мутацияға ұшырайды. Ондай өзгерістер патогеннің қаупін төмендетпейді. Бірақ кейбір мутациялар вирустың таралуын күшейтеді. Ондайда инфекция тез жұғады.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда, сондай-ақ Ақтөбе облысында коронавирустың британдық штаммы анықталған болатын. Демек, осы мутация қазіргі жағдайды ушықтырып отыр. Оған қоса, адамдар карантиннен әбден қажып, сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Соның нәтижесінде эпидемиологиялық жағдай нашарлай түскен.

Мәселен, астанада жан сақтау бөлімдері 60 процентке толды. Президент те науқастар көбеюі мүмкін деп отыр. Сол кезде медицина мамандары қайтадан шапқылайды, ауруханада орын болмайды. Өлім-жітім көбейеді. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 2,7 есеге өсіп отыр. Алматы мен Нұр-Сұлтанда, сондай-ақ Батыс Қазақстан мен Қарағанды облысында науқастардың басым бөлігі қайтыс болды.

Бүгінде дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар мен жабдықтардың тапшылығы да байқалады. Тоқаев жансақтау бөлімдерінің барлығы орташа есеппен 64 процентке ғана дайын екенін ашық айтты. Ондай жағдайда денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс салмақ түсуі мүмкін. Осыған байланысты мемлекет басшысы бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларының жеке жауапкершілігін бекітуді тапсырды. Ал жағдай түзелмесе, денсаулық министрі де, "СК-Фармация" басшылығы да жұмыстан кетеді. Президент министрге бір ай уақыт берді.

Цойдың өзі коронавирустың мутацияланған штаммдарын ескере отырып, алдағы эпидемиологиялық жағдайдың болжамын жаңарттық дейді. Осылайша, пессимистік сценарий бойынша сәуір-маусым айларында коронавирусты 370 мың адам жұқтырады. Сол кезде 190 мың адамға аурухананың көмегі керек болады. Реалистік сценарийге сәйкес, алдағы екі айда, шамамен 250 мың науқас тіркеліп, 127 мың адам медициналық көмекке жүгінеді. Ал оптимистік сценарий бойынша сәуір-маусымда 140 мың пациент тіркеледі де, ауруханаға 71 мың адамды жатқызу қажеттілігі туындайды.

Министрдің сөзіне қарағанда, коронавирус жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету үшін 25 893 төсек-орын бар. Қазіргі кезде 258 инфекциялық стационардың барлығын қосқанда төсек-орынның 33 проценті бос емес. Бұдан бөлек, резервте 51 мың орын тұр. Ал барлық жан сақтау бөлімінде 2 394 төсек-орын жасақталған. Соның 20 процентінде науқастар жатыр.

Демек, пессимистік сценариймен 190 мың адамды екі айдың ішінде біртіндеп емдегеннің өзінде инфекциялық стационарларға үлкен салмақ түседі. Өлім-жітім көбейген жағдайда жан сақтау бөлімдері жетпей қалуы да мүмкін. Оған жеткізбеу үшін қатаң карантинді енгізуден басқа амал жоқ.

Сондықтан, оптимистік сценарийдің іске асқаны керек. Әрине, бұның бәрі өзімізге байланысты.

Өкінішке қарай, вакцинация да баяу атқарылып келеді. Екі айдың ішінде коронавирусқа қарсы екпе алғандардың саны 0,1 процентке де жетпейді.  Қазақстандық вакцина шығаратын зауыт та дайын емес. Демек, осы айдың соңында отандық екпені өндіріске жіберуге рұқсат берілсе де, кәсіпорынның құрылысын аяқтауға үлгермейді. Сол себепті президент басқа елдерден қосымша вакцина жіберуді сұраған. Ал жеткізу жұмыстарын  жеделдету үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз. Тоқаев та осыны ерекше атап өтті.

Оқи отырыңыз: "Атамекен" палатасы Бекшиннің қаулысы туралы: тым қатаң шешім

Осы айда коронавирусқа қарсы вакцинаның қосымша 2,5 миллион дозасы жеткізіледі деген жоспар бар. Дегенмен, соның бәрін екі айдың ішінде салып үлгермейтіні белгілі. Ал ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 60-70 проценті екпе алуы қажет.

P.S.Денсаулық сақтау министрі 30 сәуірде халыққа есеп беруді жоспарлап қойған. Цой мырза жұмыстан кетпейтіндей есеп беруге тырысады деп сенейік...