Қоғам

Биылғы пітір садақаның мөлшері анықталды

Төралқа мәжілісінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауызашарлар ұйымдастыру мәселесі де қаралды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген төралқа мәжілісі өтті. Сол жерде биылғы пітір садақа мен зекет және підияның мөлшері анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мүфтияттың ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Биыл пітір мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды", – делінген ресми хабарламада.

Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып, қысқа сүрелер оқылады. Ал ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізіледі. Қасиетті Рамазан айында онлайн және тікелей эфирде бірнеше жоба ұсынылады.

Бұдан бөлек, төралқа мәжілісінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауызашарлар ұйымдастыру жайы қаралды.

"Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауызашарлар ұйымдастырылады. Ал Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар өткізіледі. Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар атқарылады", – дейді мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев. 

Оқи отырыңыз: Мүфтият ораза кезінде вакцина салуға қатысты түсініктеме берді

Оның айтуынша, пандемияға байланысты бұл шаралар кезінде сақтыққа баса назар аударылады. Ал бас мүфти "жасыл аймақтарда" орналасқан өңірлерде Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізу қажеттігін жеткізді.