Қоғам

Алматылықтар өзі қалаған вакцинаны салдыра ала ма – Сағынтаев жауап берді

Қала әкімі инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы – коронавирусқа қарсы вакцина салдыру деп санайды
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 сәуір – Sputnik. Алматылықтар өзі қалаған вакцинаны салдыра алады. Алайда дәл қазір қалада ресейлік "Спутник V" вакцинасы ғана бар. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткен брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Вакциналау тегін жасалады. Қаржы толық мемлекет тарапынан жұмсалады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, келешекте қытайдың Sinovac вакцинасын алу жоспарланған. Желтоқсанда QazCovid-In вакцинасын еріктілерге салдық. Ал сәуірдің соңында қалаға 6 мың дозаға дейін жеткізіледі. Халық қай вакцинаны қаласа, соны салдыруға мүмкіндігі бар", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі бір жылда қаншама карантин енгізілгенімен, коронавирус инфекциясы кетпей жатқанын айтты.

"Халықтың арасында алып-қашпа сөз болуы мүмкін. Бір жыл өтті, мұның шешімі жоқ. Қайта-қайта локдаун жасап, карантин енгізіп, қаланы жауып, елді жапса да, кетпей жатыр. Бәрінен өттік. Біресе көтеріледі, біресе түседі. Британдық, оңтүстік африкалық штамм бар деп айтып жатырмыз. Мутациясы осылай кете береді. Келесі жылы басқа да мутациялары шығуы мүмкін. Бұл – вирус. Вирус бізден ешқайда кетпейді", – деді қала әкімі.

Сонымен қатар қала әкімі инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы коронавирусқа қарсы вакцина екенін атады.

"Басқа шешім жоқ екенін мамандардың бәрі айтып жатыр. Ірі мемлекеттер вакцинамен ғана шешуге болатыны айтады. Бұрынғы қалыпты жағдайға көшкіміз келсе, үрейленбей, қорықпай, қауесет сөзге ермей, екпе жұмыстарын қабылдауымыз қажет", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Тоқаев министр Цойға бір ай уақыт берді

Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы вакцина салу жұмыстары басталды.