НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға бір ай ішінде жағдайды түземесе, қызметтен кетуі мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Ақорданың Твиттердегі парақшасында хабарланды.
"Алексей Владимирович, мен сізге бұған дейін қазіргі кезеңде денсаулық сақтау министрі – үкіметтегі баста фигура екенін, сізде айрықша өкілеттіктер барын айтқан едім. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз, бірақ арты сиырқұйымшақтанып кетті... Сәуір айы ішінде жағдайды түзетуіңіз керек. Әйтпесе, кадрлық шешім шығады, ол сіздің көңіліңізді түсіруі мүмкін. Бұл тек денсаулық сақтау министріне ғана емес, бүкіл үкіметке қатысты", - деді Тоқаев коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөніндегі жиында.
Президент Қазақстан халықты вакциналау қарқыны жағынан көшбасшы мемлекеттерден әжептәуір артта қалғанын атап өтті. Айтуынша, бүгінгі таңда иммунизация курсын 47 мыңға жуық адам аяқтаған (бірінші компонент 137 346 адамға егілді). Мұндай жағдайға вакцина тапшылығы себеп болып отыр.
"Үкімет "Спутник V" бойынша уағдаластық пен отандық вакцина өндірісі елдің вакциналау қажеттілігін толығымен өтейтініне сендірді. Осы ақпараттың негізінде мен 1 ақпаннан жаппай вакциналау басталатынын жарияладым. Алайда екі ай ішінде екпе алғандардың саны 0,1%-ке де жетпейді! Енді маған басқа мемлекет басшыларымен қосымша вакцина жеткізу туралы уағдаласуға тура келеді... Біз жеткізуді жеделдету үшін өзімізге тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз", - деді президент.