НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір — Sputnik. Ішкі істер министрлігі химиялық кастрация жасалатын сотталушылардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазіргі кезде қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген 25 сотталушыға химиялық кастрацияны мәжбүрлі түрде жасау туралы сот шешімі шығарылған", - деді әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарды химиялық жолмен піштіруге ресми түрде рұқсат берілді. Сол жылы бірнеше өтінім түскен. Сондай-ақ, осы мақсатта бюджеттен 9 миллион 629 мың теңге бөлінген болатын. Алайда химиялық кастрация жасайтындар болмағасын, қаражат бюджетке қайтарылды. Ал 2019 жылы 11 миллион 038 мың теңге бөлінді. Сол кезде денсаулық сақтау басқармаларының бюджеттік өтініші бойынша 88 науқасты, ал 2020 жылы 71-ін химиялық кастрациядан өткізуге қаражат сұралған.
Химиялық кастрация қалай жасалады?
Химиялық кастрация – жыныстық құмартуды төмендететін антиандрогендік препаратты ағзаға енгізу. Оны сот шешімінің негізінде медициналық мекеме жүргізеді.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік педофилге неге xимиялық кастрация жасалмай қалғаны белгілі болды
Медициналық мекемеде препаратты енгізуді медбике ғана жүргізсе, түрмеде пост бақылаушысы да қатысады. Химиялық кастрация кезінде адамның денсаулығы үнемі бақылауда болады әрі психотерапиялық жәрдем көрсетіледі.
Зертханалық тексеру жарты жылда бір рет жүргізіліп, ағзадағы гормон деңгейі анықталады. Химиялық кастрацияны әрі қарай жалғастыру немесе тоқтату шешімін қабылдау үшін комиссиялық тексеріс жүргізілуге тиіс.
Химиялық кастрация кезінде "Андрокур-депо" ("Ципротерон") антиандрогендік препараты пайдаланылады.