НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Үкіметтен келесі мәселелерді тез арада пысықтауды сұраймын: бірінші – пандемиядан зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру, екіншісі – салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлі түрде өндіріп алуды уақытша тоқтату", - деді Тоқаев коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөніндегі жиында.
Айтуынша, аталған шаралар жаппай вакциналау басталғанға және шектеулердің көбі алынғанға дейін уақытша қолданыста болуға тиіс.
Сондай-ақ, президент Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ-қа кредиттер бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Қазіргі жағдайымыз жақсы емес – Тоқаев
"Үкімет пандемияға қатысты жағдайды жақсы жағына қарай өзгертеді деген үмітпен, мамырдан бастап ШОБ субъектілеріне, соның ішінде қызмет көрсету саласында шектеулерді біртіндеп алып тастауға кірісе беруге болады", - деді Тоқаев.
Президент үкіметке ASHYQ жобасының ауқымын кеңейту және жүйені белсенді енгізуді қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Сондай-ақ, ол тиісті нормативтік база жасаудың маңыздылығын атап өтті.