Өңірлер

Семейде 2 млрд теңгеге жөнделген тарихи нысанның бірі қайта бүлінді

Тарихи нысандағы олқылықтар жақын арада кепілдік міндеттемесі аясында қалпына келтірілетін болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында қайта жөндеуден өткен "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешені алғашқы қыстың жауын-шашынына шыдас бере алмады, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Абайдың 175 жылдығына орай қайта жөнделген Жидебайдағы "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешенінің шатырынан су өтіп, гипс сылақтары құлап жатқан видео интернетте тараған.

Осы жағдайға қатысты пікір білдірген аймақтағы тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі комиссия шұғыл түрде учаскеге мамандар жіберілгенін мәлімдеді.

Олардың айтуынша, жауын-шашынды ауа райы салдарынан кіреберісте 10-12 шаршы метр аумаққа төбеден су аққан. Сонымен қатар, бір жерде қыш тақтайша сынса, кей тұстың бұрышы бүлінген.

"Мұның бәрі де ұсақ-түйек бүлінулер. Алматыдан 12 жұмысшы келді. Қажет болса, жергілікті жұмысшыларды жалдайтын болады. Тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы көлік нысанды қалпына келтіруге аттанды", – дейді тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі облыстық мекеменің директоры Талғат Сүлейменов.

Сондай-ақ, ол тарихи нысандағы олқылықтардың барлығы да жақын арада кепілдік міндеттемесі аясында қалпына келтірілетінін атап өтті.

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл нысанға арнайы барып, аралап қайтқан болатын.

Оқи отырыңыз: "Абай аренаға" Елбасының атын беру ұсынылды: Назарбаев өз ойын айтты

Ал телеарна өкілдерінің хабарлауынша, Абайдың 175 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысы мен Абай туған өлкеде бірнеше тарихи нысандарды қайта жөндеуден өткізуге 2 миллиард теңгеден астап қаражат жұмсалған.