НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында қайта жөндеуден өткен "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешені алғашқы қыстың жауын-шашынына шыдас бере алмады, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Абайдың 175 жылдығына орай қайта жөнделген Жидебайдағы "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешенінің шатырынан су өтіп, гипс сылақтары құлап жатқан видео интернетте тараған.
Осы жағдайға қатысты пікір білдірген аймақтағы тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі комиссия шұғыл түрде учаскеге мамандар жіберілгенін мәлімдеді.
Олардың айтуынша, жауын-шашынды ауа райы салдарынан кіреберісте 10-12 шаршы метр аумаққа төбеден су аққан. Сонымен қатар, бір жерде қыш тақтайша сынса, кей тұстың бұрышы бүлінген.
"Мұның бәрі де ұсақ-түйек бүлінулер. Алматыдан 12 жұмысшы келді. Қажет болса, жергілікті жұмысшыларды жалдайтын болады. Тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы көлік нысанды қалпына келтіруге аттанды", – дейді тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі облыстық мекеменің директоры Талғат Сүлейменов.
Сондай-ақ, ол тарихи нысандағы олқылықтардың барлығы да жақын арада кепілдік міндеттемесі аясында қалпына келтірілетінін атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл нысанға арнайы барып, аралап қайтқан болатын.
Оқи отырыңыз: "Абай аренаға" Елбасының атын беру ұсынылды: Назарбаев өз ойын айтты
Ал телеарна өкілдерінің хабарлауынша, Абайдың 175 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысы мен Абай туған өлкеде бірнеше тарихи нысандарды қайта жөндеуден өткізуге 2 миллиард теңгеден астап қаражат жұмсалған.