Қоғам

Алексей Цой коронавирус штамдарының қай өңірлерде тарағанын айтты

Министрдің сөзіне қарағанда, "бразилиялық" штамның өлім-жітімі төмен. Ал "британдық" штамның қаупі жоғары
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың жаңа штамдары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр бүгінде COVID-19-дың штамын анықтауға арналған ПТР-тестің жаңа әдістемесі енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы референс-зертханалары бар өңірдегі коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың сынамасын зерделеп шыққан.

"Соның нәтижесінде коронавирустың "британдық", "оңтүстік африкалық" және "бразилиялық" штамдардың ықтимал мутациясы Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа барлық өңірде анықталды", – деді Цой.

Оның айтуынша, Алматы қаласында "британдық" және "оңтүстік африкалық" штамдар таралып жүр. Осы мутациялар адамға тез жұғады. Сондықтан инфекцияның кеңінен таралуына себеп болуы мүмкін. Бұдан бөлек, коронавирустың "британдық" штамына ұқсас мутациялар Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе облысында анықталды. Олардың ішінде Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктерінен келген адамдар да бар.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның мәліметіне сәйкес, 30 наурыздағы жағдай бойынша "британдық" штамм әлемнің 125 елінде анықтады. "Оңтүстік африкалық" штамм 75 елде, ал "бразиялық" штамм 41 мемлекетте тіркелді. Коронавирустың жаңа штамдарының сипмтомдары бірдей. Олар – жоғары температура мен жөтел, дәм мен иіс сезу қабілетінің төмендеуі негізгі белгілер болып табылады", – деп атап көрсетті Цой.

Оқи отырыңыз: Жиында Цой, Сағынтаев және Бекшин де болды – шенеуніктер жазалана ма

Министрдің сөзіне қарағанда, "бразилиялық" штамның өлім-жітімі төмен. Ал "британдық" штамның қаупі жоғары. Сондай-ақ, инфекция тараған сайын жаңа штамдар шыға береді.