Қоғам

Жиында Цой, Сағынтаев және Бекшин де болды – шенеуніктер жазалана ма

© Sputnik / Тимур БатыршинЖандарбек Бекшин
Жандарбек Бекшин - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.03.2021
Жазылу
Қаланың бас санитар дәрігерінің 20 наурызда шыққан қаулысында отырысты бетпе-бет режимде өткізуге тыйым салынған

АЛМАТЫ, 29 наурыз – Sputnik. Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің маманы карантин кезінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин және өзге де шенеуніктердің офлайн форматта жиын өткізу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Брифинг кезінде тілшілер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықовадан қаулыны бұзған шенеуніктерге қандай шара қолданылатынын сұрады.

Қалықова жиын қажет болғандықтан шұғыл түрде өткізілгенін мәлімдеді.

"Бұл Алматыда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты шұғыл түрде өткізілген отырыс болды. Жиынды бетпе-бет өткізуге тура келді. Жиынға қатысқандардың барлығында ПТР-тест теріс нәтижесі болды. Отырыста әлеуметтік арақашықтықты сақталды", - деді Қалықова.

Оның сөзінше, Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің қаулысында эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде жағдайды тұрақтандыру үшін тез әрекет ету шараларын қолдануға болатын тармақ бар. Жиын сондай шараның бірі болған.

Айта кетейік, 26 наурызда Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният, денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова, Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев, телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали офлайн форматта жиын өткізді.

Ал қаланың бас санитар дәрігерінің 20 наурызда шыққан қаулысының 9-тармағында кеңес (отырыс) бетпе-бет режимде өткізуге тыйым салынған.

Жаңалықтар
0