Қоғам

Сабақта масканы шешіп отыруға рұқсат етілді – министрлік түсініктеме берді  

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің соңғы қаулысында мектепте маска киюге қатысты талаптар бекітілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың "жасыл" және "сары" аймақтарына кірген өңірлерде оқушыларға масканы шешіп отыруға рұқсат берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Марал Рахымжанованың айтуынша, бас мемлекеттік санитар дәрігердің соңғы қаулысында мектепте маска киюге қатысты талаптар бекітілген. Оған сәйкес, "жасыл" және "сары" аймақтарға кіретін мектептерде бетперде кимеуге болады. Бірақ сол жерде эпидемиологиялық жағдай кем дегенде бір апта бойы тұрақты болуға тиіс.

"Ал "қызыл" аймаққа кіретін мектептерде ондай жеңілдік жоқ. Әрине, "жасыл" және "сары" аймақтарда мектеп оқушыларын масканы шешіп отыруға ешкім міндеттемейді. Егер ата-анасы және баланың өзі бетперде киіп отырғанды қаласа, құба-құп. Қауіпсіздік үшін киіп отыруға да болады", - деді Рахымжанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

"Шешім қабылданды": мектеп түлектері емтихан тапсыра ма? 

Айта кетейік, Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов жаңа қаулыға қол қойды. Құжатта 1 сәуірде басталатын оқу жылының төртінші тоқсанын ұйымдастыру тәртібі көрсетілген.