НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз — Sputnik. Қарағанды қаласында екі банк қызметкері ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, шұғыл іздеу шаралары барысында Қарағанды облыстық полиция департаментіне қарасты криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 27 жастағы ер адамды ұстады. Ол банк қызметкері болып шықты. Тергеу кезінде оның интернет арқылы үш рет алаяқтық жасағаны анықталды.
"Оның адамдардың жеке мәліметін алуға мүмкіндігі болған. Өзі жұмыс істейтін банкте ғана емес, басқа да микрокредиттік ұйымдарда заңсыз кредит рәсімдеген. Шығынның жалпы сомасы 4 миллион 770 теңгені құрады", - дейді полицейлер.
Бұдан бөлек, криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 31 жастағы тағы бір ер адамды ұстады. Ол да банк қызметкері. Бірақ басқа жерде жұмыс істейді. Алаяқ мерзімі өтіп кеткен кредиттер жағынан көмек беремін деп бірнеше адамды алдап кеткен.
Клиенттерді жүздеген миллион теңгеге алдаған Kaspi Bank қызметкері сотталды
"Қазіргі кезде басқа адамдарға заңсыз кредит рәсімдеудің он екі фактісі анықталды. Шығынның жалпы көлемі 12 миллион теңгені құрап отыр. Күдікті қамауға алынды", - деп атап өтті полицейлер.