НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Kaspi Bank-тің Павлодардағы филиалында жұмыс істеген кредит беру бөлімінің бұрынғы басшысы Руслан Сексембаев 97 клиентті жүздеген миллион теңгеге алдап кеткені үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық №2 соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Судья Әсет Сүлейменов өткен жылы қозғалған қылмыстық іске қатысты үкім шығарды. 1982 жылы туған Руслан Сексембаев ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін айыпталған болатын. Бірақ полицияның іздеп жүргенін естіген бойда қашып кеткен. Kaspi Bank оның жүрген жері туралы ақпарат бергені үшін 10 миллион теңгенің сыйақысын тағайындаған еді.
Банкке алаяқ туралы ақпарат түсті. Хабар берген адамға сыйақы төленді. Ал қашқын банкир Екібастұз қаласында ұсталып, облыс орталығына жеткізілді.
Тергеу материалдарына сәйкес, Сексембаев клиенттерді қызметтік кабинетіне жиі шақырып, кепілдіктегі пәтерлер мен автокөліктерді төмен бағамен сатып алуды ұсынып отырған. Ал шын мәнінде, ол мүліктер сатуға шығарылмаған.
Бұдан бөлек, банкир кредиттерді мерзімінен бұрын өтеп беруге уәде еткен. Осылайша, клиенттердің ақшасын жеке есепшотына жинап отырыпты. Сосын айтқан сөзін орындамай, ақшаны өзі бетінше жұмсаған. Ал клиенттер банк пен полицияға арызданғаннан кейін бой тасалаған. Kaspi Bank бұрынғы қызметкерін ұстауға атсалысып қана қоймай, оның келтірген шығынын өтеу шараларын да қолға алды.
Оқи отырыңыз: Полицияға көмектескен қазақстандық бір күнде миллионер болып шыға келді
Сотта Руслан Сексембаев өз кінәсін толығымен мойындаған жоқ. Бірақ зардап шеккен 97 адам оның қылмысын растады. Сондай-ақ, мамандардың қорытындысымен дәлелденді.
Судья жазаны жеңілдететін бір жайтты ескерді. Сексембаевтың асырауында кәмелетке толмаған балалар бар. Бұдан бөлек, алғаш рет сотты болып отыр. Ал айыпты ауырлататын жағдай – алданған клиенттердің арасында жүкті әйелдің болуы.
Прокурор Сексембаевты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот оны 9 жылға орта қауіпсіздіктегі түрмеге қамауға шешім шығарды. Оған қоса, қылмыстық жолмен тапқан ақшаға сатып алынған мүлік тәркіленеді. Соның ішінде Skoda Octavia (2013 жылғы) және ВАЗ-21124 (2006 жылғы) көліктері бар. Сондай-ақ, сот шешімімен Сексембаевтың есепшотында қалған 1 257 424 теңге тәркіленеді. Оған 10 жыл бойы банк және қаржы ұйымдарында жұмыс істеуге тыйым салынған.