АЛМАТЫ, 22 наурыз – Sputnik. Алматыда мониторинг тобы Boom Bar-да 170-ке жуық адамның көңіл көтергенін анықтады. Мекеме қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысын бұзып жұмыс істеген.
"Жұмыс режимі бұзылған, адамдардың жаппай жиналуына тыйым салу, маска режимі, әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты эпидемиологиялық талаптар сақталмаған", - делінген ақпаратта.
Заңды және жеке тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылады. Сондай-ақ айыппұл салынады.
Алматы қазір "қызыл" аймақта тұр. Соған байланысты қалада күшейтілген шектеу шаралары енгізілген.
Бұқаралық іс-шараларға, сондай-ақ ойын-сауық орындарының жұмысына тыйым салынды. Қала бойынша 32 мониторингтік топ жұмыс істейді, олардың құрамына әкімдік, полиция қызметкерлері, сондай-ақ "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірді.
Қала билігі тұрғындарды тағы да шектеу шараларын бұзбауға шақырып, адамдар көп жиналатын жерлерге баруға тыйым салынғанын еске салды.