НҰР-СҰЛТАН, 21 наурыз – Sputnik. Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аталып өтуде. Биыл қазақстандықтар көктемнің басты мерекесінде қатарынан бес күн демалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Наурыз – байырғы заманнан келе жатқан "көктемгі жаңару" мерекесі. Бұл күні күн мен теңесіп, тіршілік қайта жанданады. Жалпы "наурыз" сөзі парсы тілінен аударғанда "жаңа күн" деген мағынаны береді.
Қалың қыстан аман-есен шыққан халық күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алады. Наурыз мерекесінде адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, мерекенің алдында тазалыққа мән беріп, үйі мен ауласын кір-қоқыстан тазартады.
Ұлыстың ұлы күні әр шаңырақта мерекелік наурыз көже дайындалады. Наурыз көже – Наурыздың дәстүрлі тағамы. Ол жеті түрлі дәмнен тұрады.
Тағы оқыңыз: Наурызды жаңаша атап өту қажет – Тоқаев
Қазақстанда Наурыз мейрамы 2010 жылдан бері үш күн – 21, 22, 23 наурыз тойланып келеді. Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.
Наурыз мейрамы тек Қазақстанда ғана тойланбайды. Алыс-жақын шет елдер де бұл мейрамды қарсы алады.
Наурызды жаңаша тойлау
Биыл Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын он күн тойлау ұсынылды. Мерекенің басы 14 наурыз – Көрісу күнінен басталады. Әр күннің өз тақырыбы бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс деп санайды. Сондықтан қазір барлық аймақта жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор көптеген шара қолға алынуда. Мұның бәрін Амал айынан кейін де жалғастыра беруге болады.
"Ұлыстың ұлы күнін тойлау қалалар мен ауылдардың ауқымды алаңдары мен көрікті көшелерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажет. Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам. Мерекелік көңіл-күй барлық шаңырақта болуы керек. Жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алса, бір-біріне ақ тілектерін арнаса, қандай жарасымды?! Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі", - деді мемлекет басшысы қазақстандықтарға арнаған құттықтауында.
Sputnik Қазақстан елорда тұрғындары мен қонақтарынан Наурызды қатарынан он күн мерекелеу туралы не ойлайтынын сұраған болатын.
Кейбіреулері қазақтар үшін он күн аз, Наурызды бір ай тойлау керек десе, енді бірі үш күн де жетеді деп санайды.
Пандемия жағдайындағы екінші Наурыз
Биыл коронавирус салдарынан Наурыз мейрамы екінші рет дәстүрлі түрде аталып өтпейді. Былтыр дәл осы кезде елде пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланған еді. Халық мерекені үйде, өз отбасымен ғана қарсы алуға мәжбүр болды.
Бұл жолы да республикада мереке күндері бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынды.
Денсаулық сақтау министрлігі мейрамды отбасы ортасында өткізуге, барлық байланысты азайтып, көпшілікке арналған шараларды ұйымдастырмауға, оларға қатыспауға, сондай-ақ адам көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берді.
Тағы оқыңыз: Бас санитар дәрігер Наурыз мейрамына қатысты мәлімдеме жасады
Дәстүрлі форматта өткізуге рұқсат етілген барлық шарада адам саны шектеулі болуға тиіс.
"Қызыл аймақта" тұрған өңірлерде кез келген шараны өткізуге тыйым салынады, "сары аймақта" – 20%, "жасыл аймақта" – 30%-тен аспайтын адам саны рұқсат етіледі.
Биыл қазақстандықтар Наурызда бес күн – 20, 21, 22, 23, 24 наурыз демалады. Мерекенің алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, демалыс күні сәрсенбі, 24 наурызға ауыстырылды.