НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов Наурыз мейрамы кезінде өңірлерде шектеу шаралары қалай енгізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол мейрам кезінде әр адам денсаулығына ерекше мән беруі керектігін ескертті.
"Осыған байланысты біз, әсіресе, "қызыл" және "сары" аймақтарда тұрған өңірлерде бұқаралық шараларды барынша азайтуға кеңес береміз. Өйткені бұл шараларға халық көп жиналып, аурудың таралу қаупі артады. Ал "жасыл" аймақтағы өңірлерге шараларды адам санын мейлінше шектеп ұйымдастыруға, негізгі шараларды онлайн өткізуге кеңес бердік", - деді Қиясов онлайн брифингте.
Сондай-ақ, айтуынша, әр өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері эпидемиологиялық жағдайға қарай іс-шаралар көлемін өздері анықтай алады.
Қиясов мереке күндері әлеуметтік ара қашықтық пен маска режимін сақтауға, жасы үлкен адамдарға аса мұқият болуға шақырды.
Биыл қазақстандықтар Наурыз мейрамында бес күн – 20, 21, 22, 23, 24 наурыз демалады.