НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Қарағандыда учаскелік полиция инспекторы көршісінің 25 мың теңгесін ұрлап кеткен әйелді анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
17 наурыз күні Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 83 жастағы әжейден арыз түскен. Жәбірленуші белгісіз біреудің қалтасында қалған 25 мың теңге ақшасын ұрлап кеткенін айтқан.
"Мән-жайды анықтау барысында таңертең оның пәтеріне белгісіз біреудің қоңырау шалғаны, есікті ашқан жәбірленушіге белгісіз бір әйелдің қарттар арасында сауалнама жүргізіп жатқанын айтқаны белгілі болды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін жәбірленуші өзінің 25 мың теңгесінің жоғалғанын байқаған", - дейді полицейлер.
Күдіктінің жеке басын анықтау және ұстау шараларымен учаскелік полиция инспекторы айналысты. Полиция қызметкері жәбірленушіден күдікті туралы мәліметтер алды, тексеру жұмыстары кезінде оның көршісі күдікке ілінген.
Жәбірленуші онымен бірнеше жыл көрші тұрса да, ешқашан сөйлеспеген болып шықты.
Оқи отырыңыз: "Қиын жағдайда қалған" адамды үйіне кіргізген Түркістан тұрғыны сан соғып қалды
Полиция қызметкері осы қылмысты жасады деген күдікпен 43 жастағы әйелді ұстады. Ол қылмысын мойындап, ақшаны жұмсап қойғанын айтқан.
Аталған факт бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.