Қоғам

Алматыда қандай жағдайда толық локдаун енгізіледі

Бүгінде мегаполисте тәулігіне 400-ден астам адамда ПТР тест оң нәтиже көрсетеді, 500-ден аса науқас ауруханаға жатса, толық локдаун енгізу мәселесі қаралады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада қандай жағдайда толық локдаун енгізілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Егер тәулігіне ауруханаға 500-ден астам науқас түссе, онда толық локдаун енгізу мәселесі қаралады", - деп мәлімдеді ол брифингте.

Қазір Алматы коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр. Қалада тәулігіне орта есеппен вирус жұқтырған 300-400 адам тіркеледі, індетке шалдыққандар саны күн сайын артуда.

"Бізде төсек-орын қоры әлі жеткілікті. Қазір төсек-орындардың 50%-і бос емес. Бізде әлі 4 мыңға жуық төсек-орын қоры бар, оларды қажет жағдайда жұмылдыра аламыз. Біздің міндетіміз – барлық деңгейде медициналық көмек көрсете алуымыз үшін денсаулық сақтау жүйесінің күйреуін болдырмау", - деді Бекшин эпидемиологиялық жағдайға арналған шұғыл брифингте.

Бұған дейін бас санитар дәрігер Алматыда қатаң карантин енгізілетінін айтты. Сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес базарлар 21 мен 28 наурыз аралығында толығымен қызметін тоқтатады.