НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Алматыда 2020 жылдың көктеміндегі сияқты қатаң карантин енгізіліп жатыр. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мынадай шаралар қабылданды:
- офлайн оқитын сыныптарда бала саны 25-тен 15-ке дейін азайды;
- мектептерде қоғамдық тамақтану қызметі тоқтатылды;
- 500 шарты метрге дейінгі, жеке тұрған азық-түлік емес дүкендердің жұмыс уақыты 10.00-ден 20.00-ге дейін қысқарды;
- шаштараз салондары алдын ала жазылу бойынша тек шаш қию қызметін көрсетеді;
- маникюр, педикюр және косметологиялық қызмет көрсететін сұлулық салондары жабылады;
- мейманханалар, қонақ үйлер, курорттық ұйымдар, демалыс үйлерінің толымдылығы 50%-тен аспауы керек;
- сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес базарлар 21 мен 28 наурыз аралығында толығымен қызметін тоқтатады;
- дәмханалар мен мейрамханалар тамақты өзімен бірге әкету және жеткізу қызметін ғана көрсетеді;
- кітапханалар уақытша жұмыс істемейді;
- жұмыс күндері қоғамдық көлік штатты режимде, ал демалыс және мереке күндері таңертең 6.00-ден 10.00-ге дейін, кешке – 17.00-ден 22.00-ге дейін;
- спорт нысандары жабылады;
- ХҚКО демалыс және мереке күндері жұмыс істемейді, жұмыс күндері – жазылу бойынша 9:00-ден 18:00-ге дейін;
- Медеу мұз айдынында жаппай сырғанауға тыйым салынды;
- Шымбұлақ курортында адамдар саны 500-ден аспауы тиіс;
- Шымбұлақта қоғамдық тамақтану нысандары тек өзімен бірге алып кету және жеткізу қызметін көрсетеді;
- "Ашық" бағдарламасына енгендерді қоспағанда, бильярд, компьютерлік клубтар жабық болады.