АЛМАТЫ, 19 наурыз — Sputnik. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Наурыз мейрамын қалай тойлаған жөн болатынын айтты.
"Біз, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері, алдағы мейрамды отбасы ортасында өткізуге, барлық байланысты азайтып, көпшілікке арналған шараларды ұйымдастырмауға, оларға қатыспауға, сондай-ақ адам көп жиналатын орындарға бармауға кеңес береміз", - деді Байтанаев.
Дәстүрлі форматта өткізуге рұқсат етілген барлық іс-шарада адам саны шектеулі болуға тиіс. Ұйымдастырушыларға барлық санитарлық талаптың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
"Қызыл аймақта" – кез келген шараларды өткізуге тыйым салынады, "сары аймақта" - 20%, "жасыл аймақта" - 30%-тен аспайтын адам саны рұқсат етіледі.
Оқи отырыңыз: Шетелде туып-өскен қазақтар атамекеніндегі Наурыз мейрамына қатысты пікір білдірді
"Адамдар тікелей байланыста болатын, оның ішінде спорттық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар тамақтан уланудың алдын алу үшін шаралар өтетін жерде тамақ дайындауға және тамақ ішуге тыйым салынады", - деді Байтанаев.