Қоғам

Шетелде туып-өскен қазақтар атамекеніндегі Наурыз мейрамына қатысты пікір білдірді

© Photo : Назар Гіміштің жеке архивіненҚытайдың Қазақстанмен шекаралас аймағында туып-өскен Назар Гіміш Наурыз мейрамы туралы бала кезінен біледі
Қытайдың Қазақстанмен шекаралас аймағында туып-өскен Назар Гіміш Наурыз мейрамы туралы бала кезінен біледі - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.03.2021
Жазылу
Наурыз мейрамы – күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы жанданатын мезгіл. Бұл мейрамды түркі халықтары жыл басы – жаңа жыл деп тойлайды. Sputnik Қазақстан шетелде туып-өскен қазақтардан көктем мейрамы туралы сұрады

АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік жанданатын Наурыз мейрамы түркі халықтардың бәрінде дерлік тойланады. Сондай-ақ, бұл күнді шетелде туып-өскен қазақтар да атап өтеді. Қазақстанмен шекаралас жерде қоныстанған қазақтардың мерекені тойлауға қатысты өз дәстүрі мен сенімі бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алтай бауырындағы той

Қытайдың Қазақстанмен шекаралас аймағында туып-өскен Назар Гіміш Наурыз мейрамы туралы бала кезінен біледі. Себебі ол өскен ауылда бір ай бойы Наурыз тойланады.

"Бірінші наурыздан бастап той болады. Жақын кісілер, туыс-туған, көршілер бір-бірін қонаққа шақырады. "Наурыз құтты болсын", "көктем құтты болсын" деп шақырса да, шақырмаса да қонаққа барады. Осылай бір ай тойланады. Ауылда іс-шара ұйымдастырылып, ұлттық ойыннан жарыс өтеді. Бәйге, көкпар, теңге алу, күрес болады", - дейді Назар.

Оның сөзінше, ауылдағылар жазда киіз үйде отырады. Сол себепті мейрам қарсаңында киіз үй тігіп, қазақы киім кию ол аймақ үшін жат емес.

Назар 2017 жылы Қазақстанға келген. Осында бір жыл болып, мейрамның өту форматын ұнатқан. Айтуынша, Алматыда Наурыз той ерекше өтеді.

© Photo : Назар Гіміштің жеке архивіненҚытайдың Қазақстанмен шекаралас аймағында туып-өскен Назар Гіміш Наурыз мейрамы туралы бала кезінен біледі
Шетелде туып-өскен қазақтар атамекеніндегі Наурыз мейрамына қатысты пікір білдірді - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.03.2021
Қытайдың Қазақстанмен шекаралас аймағында туып-өскен Назар Гіміш Наурыз мейрамы туралы бала кезінен біледі

"Өзім ауылда өстім. Ол жақта көп қызық жоқ. Көктемнің алғашқы айында қыстан аман шыққанына байланысты ауылдағылар хәл сұрасады. Қала болса да, Алматыда Наурызды ерекше тойлайды. ҚазҰУ-да оқып жүргенде оған көзім жетті. Абай атындағы университеттің де Наурыз тойына қатыстым. Шымкент маңында ауылдың наурыз тойына бардым. Қазақстанда наурыз жақсы тойланады", - дейді Назар.

Оқи отырыңыз: Ұлыбританиядағы қазақтар Наурызды қалай тойлайды

Айтуынша, өзі оқыған мектепте балаларға наурыз көжеге не қосылатынын үйреткен. Бірге өскен достары да ұлттық мереке жайлы өлең-жырды жаттап өскен.

Отбасым Наурыз мейрамының қалай пайда болғанын айтып отыратын, дейді ол.

Бейжіңдегі Наурыз той

Назар Гіміш Қытай астанасы – Бейжің қаласында 3 жыл тұрған. Айтуынша, студент кезінде жыл сайын мейрамды жоғары деңгейді тойлаған.

"Үш жыл бойы Наурызды Бейжіңде тойладым. Университет аумағында алтыбақан тігіп, үстел жайдық. Ол жақта наурызда күн жылы болады. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында 4 курс студенті 4 дастарқан жаяды. Магистранттар, Қазақстаннан барған студенттердің бөлек үстелі болады. Әрі қарай бір-бірімізді аралап, тойлаймыз. Ол жақта жақсы өтеді", - дейді Назар.

Айтуынша, жыл сайын мейрамға арнап концерт өткізеді. Оған өзге ұлт өкілдері де шақырылады. Олар да өнер көрсетеді.

Баян-Өлгейдің бай-бағланы тойды бірінші бастайды

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып-өскен Бақберген Дариғаұлының айтуынша, ол өлкеде Наурыз тойы 8 күн тойланады. 14 наурыз халық түсінігінде жаңа жыл саналады. Жергілікті тұрғындар тіршілік жанданған мейрамды "наурызнама" деп атайды. Сол жақта тұратын қазақтар арасында бай-бағландар бірінші болып наурызнама береді. Себебі халық арасында наурыз күні асқа тойған адамның тілегі орындалады деген түсінік бар.

"Ауылдың үлкендеріне көже, ас-су беріледі. Байлар жиған-тергенін шашып, жомарттық жасап той өткізеді. Біздің бұрынғы түсінік бойынша наурыз көжеге, ас-ауқатқа тойған адамның тілегі қабыл болады. Сол себепті келген адамның бәрін разы қылып қайтаруға тырысады. Алыстан арнайы келетін қонағы, құда-жекжат, ағайынға ат мінгізіп, түйе жетелетіп, шапан жабады. Ойнап жүрген балаға тақия кигізеді", - дейді Бақберген.

Оның сөзінше, кейінгі 5 жылда Наурыз тойын Қазақстанда өткізіп жүр. Алайда мұнда наурыз той сезілмейді.

"Қазақстанда наурыз деген мейрамды көргенім жоқ. Наурыздың көрнекілік қойып өткізетін іс-шарадан еш айырмасы байқалмайды. Наурыз бен астана күнінің еш айырмасы жоқ. Астана күні де киіз үй тігіп, концерт өткізеді. Көрме жасайды. Наурыздың ішкі мазмұнына үңіліп жатқан жоқ, музейде тұратын заттарды қояды. Киіз үй ішіне бастықтарды әкеліп, ас-ауқат береді де, халық сыртта қалып қояды. Моңғолияда наурыздың той екені сезіледі, ал Қазақстанда мейрам міндетті дүние сияқты", - дейді Бақберген.

Наурыздың мақсаты – бүкіл халықты қуанту. Елбасы бастап, облыс әкімдері қостап "наурызнама"  берсе, керемет болар еді, дейді ол.

Айта кетейік, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар Наурыз мейрамы қарсаңында 5 күн демалады.

Заң бойынша елімізде Наурыз мейрамына орай 21-23 наурызда үш күн демалыс беріледі. 21 наурыз демалыс күніне түсіп тұрғандықтан мереке жұмыс күніне, 24 наурызға ауыстырылады.

Жаңалықтар
0