Қоғам

Алматыда британдық штамм табылды ма - министрлік зерттеу жүргізеді

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда таралған коронавирустың штамм түрлеріне зерттеу жүргізеді
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 наурыз — Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде таралған коронавирустың штамм түрлеріне зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ол дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе COVID-19 штаммын анықтауға арналған жедел ПТР-скрининг жасаудың жаңа әдісі енгізілгенін атап өтті.

"17 наурызда қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалының зертханасы Алматыдағы коронавирус жұқтырғандардан алынған зертханалық үлгілерді зерттеді. Зерттеу нәтижесі бойынша "британдық", "оңтүстікафрикалық", "бразилиялық" штаммдарға тән мутация ықтималдығы анықталды", - деп жазды Цой Facebook-тегі парақшасында.

Цой мутацияның қай штаммға тиесілі екені толық геномдық зерттеу аяқталғаннан кейін бір ай ішінде белгілі болатындығын жеткізді.  

Британдық штамм неге қауіпті 

Коронавирустың жаңа мутациясы 2020 жылдың желтоқсанында анықталды. Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың мутациясы үлкен жылдамдықпен таралып жатқанын растады. "Британдық" штамм жұқтырғандардың көпшілігінде жөтел, тамақ ауруы, тез шаршау, бұлшықеттің ауруы және қалтырау байқалады.

2021 жылдың қаңтарында премьер-министр Борис Джонсон "жаңа мутацияның адам өлімінің жоғары көрсеткішіне қандай да бір ықпалы барына дәлел табылғанын" айтты. 

Оқи отырыңыз: Түркияда 40 мың адам коронавирустың британдық штаммын жұқтырды

Шетелдік дәрігерлер британдық штамм жұқтырған балалар қалай ауыратыны туралы жазды. Коронавирустың жаңа түрін жұқтырған балалар тез шаршайды және тұйықтала бастайды. Ал сәбилер қатты айқайлап, жылай береді.

Сондай-ақ ғалымдар британдық штаммға қарсы күресте ресейлік "Спутник V" вакцинасының тиімділігін дәлелдеді. Ол генетикалық ақпаратты тасымалдайтын векторлар ретінде зиянсыз модификацияланған вирус секілді қолданылады. Бұл ақпарат ағзаға болашақ инфекцияларға қарсы иммунитетті күшейтуге көмектеседі.