НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Түркияда 40 мыңнан астам адамның коронавирустың британдық штаммын жұқтырғаны анықталды, деп мәлімдеді елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа Twitter желісіндегі парақшасында.
Британдық штамм 81 провинцияның 76-сында анықталған. Бұдан бөлек ОАР штаммын жұқтырған 61 жағдай тіркелді. Ал коронавирустың нью-йорктік және бразилиялық түрін екі адам жұқтырған.
"Коронавирустың түрлі мутациясының таралуы арта түсті. Бұл ауруханаға жатқан адамдардың санына әсер етпегенімен, жалпы науқастар санының артуына себепші болады деген болжам бар", – деді Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа.
Британдық штамм неге қауіпті
Коронавирустың жаңа мутациясы 2020 жылдың желтоқсанында анықталды. Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың мутациясы үлкен жылдамдықпен таралып жатқанын растады.
Оқи отырыңыз: Пандемияға – 1 жыл: коронавирусты қашан жеңеміз
2021 жылдың қаңтарында ел премьер-министрі Борис Джонсон "жаңа мутация адам өлімінің жоғары көрсеткішіне қандай да бір ықпалы бар деген тұжырым бар" екенін айтты. Ол Ұлыбританияда қолдануға рұқсат берілген үш вакцина да жаңа штамнан тиімді қорғайтынын еске салды.