Австрия, Чехия, Болгария, Словения мен Латвияның көшбасшылары Еуроодақтың вакцинаны бөлу әдісіне наразылық білдіруде. Еуропадағылар ресейлік немесе қытай перпараттарын алуға дайын. Брюссель "Спутник V" вакцинасын сатып алу жөнінде Мәскеумен келіссөздерге дайындалып жатқанын хабарлады, деп жазады РИА Новости.
"ЕО-ның кейбір елдеріне жеткізілген вакцина онда халық санына сәйкес келмейді. Біз алдағы саммитте осыны талқылауға шақырамыз", - деп жазылған Австрия, Чехия, Болгария, Словения мен Латвияның көшбасшыларының хатында. Австрия канцлері Себастьян Курц Латвия мен Болгариядағы жағдайға назар аудару туралы Брюссельге кеңес берді. Саясаткер бұл екі елдегі препарат жетіспеушілігі коронавирустың жаңа толқынына және локдаунға алып келуге шақ тұрғанын ескертті. Ол Болгарияға қарағанда Мальтаға жөнелтілген вакциналар көлемі көбірек екеніне шағымданып, ЕО басқарушы кеңесі құпия келісімшарт жасады деген күдігімен бөлісті.
Ал социалистік-демократиялық партия өкілдері Курцтың бұл ойымен келіспеді.
"Канцлер Австриядағы вакциналау науқанының сәтсіздігіне кінәлайтын адамды таппай отыр", - дегенді айтты партиялықтар.
Австрия билігі өткен жылдың соңында ағылшын-шведтік AstraZeneca және америкалық Pfizer препаратымен екпе салуды бастады. Бірақ наурыз айында бірқатар проблема пайда болды. AstraZeneca компаниясы Еуроодақтың барлық елін вакцинамен қамтамасыз етуге үлгермей жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар вакциналанған кейбір адамдарда асқынулар тіркеліп, Италия мен Данияда бұл тіпті адам өліміне алып келген.
Австрия, Дания, Норвегия, Болгария, Латвия, Литва, Эстония препаратты қолдануды уақытша тоқтатты. Күні кеше Эстонияда 31 жастағы мемлекеттік қызметкер, кеше Словакияда 38 жастағы орта мектеп мұғалімі көз жұмды. Құрбан болған азаматтардың туыстары ағылшын-шведтік компанияны сотқа бермекші. Алайда фармкомпания бұл айыптаудың барлығын жоққа шығарып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да препаратты қауіпсіз деп мойындап отыр. Әйтсе де AstraZeneca препаратына күдікпен қарайтын мемлекеттер саны күннен-күнге артып келеді.
Кеше ғана Германия, Франция мен Италия да бұл вакцинаны қолдануды тоқтатты. Ал Pfizer вакцинасы тіпті тапшы. Қазір жүз мың халық саны үшін сегіз доза көлеміндегі препаратты үлестірумен Брюссель айналысып жатыр. Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-та — 24, Ұлыбританияда — 32. Австрия, Чехия, Болгария, Словения мен Латвияның көшбасшыларының өз хатында дәл осы жағдайды сынға алды.
Латвия мен Болгариядағы вакциналау қарқыны едәуір төмендеп кетті. Қазір ол жақта орта есеппен екі мыңға жуық адамға вакцина салынуда. Латвияның вакциналау бюросының басшысы Эва Юхневича наурыз айында препарат тапшылығы болатынын ескертті.
Сәуір айының ортасына дейін Рига 164 мың доза алуды жоспарлаған болатын. Оның жартысына жуығы – AstraZeneca өнімі. Егер өндіруші препараттың қауіпсіздігін дәлелдемесе, онда ол вакцинадан бас тартуға тура келеді. Билік Pfizer компаниясына препаратты қосымша жеткізу үшін ақы төлеуге әзірше қауқарсыз.
Болгария туристік маусымға дайындалып жатыр: бірінші мамырда халықаралық әуе қатынасы ашылады. Коронавирус инфекциясын анықтайтын тесттің теріс нәтижесі немесе екпе сертификаты бар туристер ел аумағына еркін кіре алады.
"Еуропадағы дәрілік заттар агенттігі AstraZeneca препаратының қауіпсіздігін дәлелдегенге дейін мен бұл вакцинаны қолдануды уақытша тоқтату туралы бұйрық бердім", - деді премьер-министр Бойко Борисов.
Кей мемлекеттер вакцинаға зәру болып отырған шақта басқа елдердің артық препаратты қайда жіберуін білмей отырғаны ЕО-ның кейбір елдеріндегі наразылықты одан сайын ушықтырып жатыр. Мысалы, Германия қоймаларында жарты миллионға жуық препарат бар. Ал Ұлыбританияда 21 миллион адамға екпе салынып қойды. Италия билігі Лондонды вакциналауға кедергі келтірді деп айыптап, сотқа жүгінуге бекінді.
Сонымен қатар Сауд Арабиясы, БАӘ мен Катарда екпе егу науқаны Еуропа елдерімен бірдей уақытта басталғаны да альянсқа мүше мемлекеттерді ашындырып отыр. Соған қарағанда ақшаны көп төлегендерге вакцина еш кедергісіз жеткізіледі.
ЕО ресейлік және қытай препаратына көз тігуде. Егер медициналық қауымдастық препараттың тиімділігін растаса, Франция "Спутник V" вакцинасын алуға дайын тұр. Сол сияқты Германиядағы вакциналар және биомедициналық дәрілік заттар әзірлеу институты да қызығушылық танытып отыр.
Reuters агенттігі ЕО "Спутник V" жайында Мәскеумен келіссөздер жүргізуге дайындалып жатқанын хабарлады. Алайда Ресейдің тікелей инвестициялар қоры бұл ақпаратқа қатысты ешқандай мәлімдеме ұсынған жоқ. Сонымен қатар Брюссель ресейлік вакцина жайлы ойын өзгертіп, жекізулерді өз қолына алуға ыңғай білдіріді. Осылайша Венгрия, Словакия мен Чехия бұл жөнінде Мәскеумен тікелей келісімге келді. Соған қарағанда Еуропадағы "әркім өз бетінше күреседі" деген ұран барлығы вакциналанғанға дейін жалғасатын секілді.