Әлем

Америкалықтар әскерінің осал тұсын атады

АҚШ-тың құрлықтағы әскері жақын уақытта жаңа артиллериялық қару-жараққа қол жеткізеді. Жаппай оқ атудың реактивті жүйесіне арналған ER GMLRS басқарылатын снаряды сынақтан сәтті өтіп, 80 километр қашықтықтағы нысаналарға дөп тиді
Sputnik

Пентагондағылар бұл қарудың шекті мүмкіндігі емес екеніне сенімді. Осы қару перспективасы мен Ресейдегі баламасы туралы РИА Новости материалында.

АҚШ әскерінің қолбасшылығы Құрлықтағы әскерде алысқа оқ ататын заманауи қарудың жоқ екені негізгі проблеманың бірі. Олар Ресей артиллериясынан оқпанды, реактивті қару бойынша кейіндеп келе жатқанын ашық мойындаған. Перспективалы оқ-дәрінің жақында өткен сынағы – екіншісі. Алғашқы сынақ 2020 жылдың қарашасында ұйымдастырылған болатын. Ол кезде снаряд ауада жарылып кетті. Lockheed Martin концернінің мамандары қателермен жұмыс жасап, кемшіліктерді түзетті де, Нью-Мексикодағы White Sands полигонында ER GMLRS снарядтарының сәтті атылуын орындады. Оқ ату HIMARS жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйесі арқылы орындалды.

АҚШ президенті Тоқаевқа хат жазды

"Біздің басқарылатын жаңа реактивті снарядымыз ЖОРЖ оқ атуларының ұзақтығын арттырады, - деді Lockheed Martin зымыран бөлімшесінің вице-президенті Гаиля Кэмпбелл. – Сынақ кезінде траектория бойынша көзделген барлық көрсеткішке қол жетті. Жоспарланған қашықтыққа нысанаға дөп тиіп, HIMARS бағдарламалық жасақтамасы реттелді. Сонымен қатар түзетулерден кейін оқ-дәріні ЖОРЖ-дың M270 секілді ескі нұсқасында қолдануға да болады".

Кэмпбеллдің айтуынша, келесі сынақ кезінде 150 километр рекордтық қашықтықты бағындыру керек болады. Егер бұл жоспар жүзеге асса, америкалық ЖОРЖ әлемдегі ең ұзақ қашықтыққа ұшатын рективті жүйеге айналады. Бірақ перспективалы снарядтардың іс жүзінде жаппай қолданыстағы қаруға айналуы екіталай. 60 километрге дейінгі қашықтықта оқ ататын қарапайым нұсқасының құны 100 мың долларды құрайды. Оның жетілдірілген үлгісі Пентагон үшін бұдан да қымбатқа түсетіні анық.

ER GMLRS (Enhanced Range Guided MLRS) – таспалы немесе моноблокты жауынгерлік бөлігі бар калибрі 227 миллиметр басқарылатын реактивті снаряд. Оны бағыттау жүйесі – инерциялы немесе спутниктік. Қазір АҚШ армиясында 50 мыңға жуық GMLRS оқ-дәрісі бар. Тағы қанша модернизацияланған снаряд сатып алатыны туралы мәлімет жоқ. Бірақ өндірісті іске қосу 2023 жылға белгіленіп отыр.

Америкалықтар оқпанды артиллерияны да күшейтуге тырысуда. Өткен жылдың наурызында өздігінен жүретін перспективалы гаубица ERCA (Extended Range Canon Artillery) сынақ кезінде тиісті 65 километр қашықтыққа оқ атты. Бұл АҚШ армиясындағы M109 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыдан екі есе артық. Оқ атулар 58 калибрлі ұзындықтағы 155 миллиметрлі XM907 қаруынан екі түрлі снарядтар – басқарылатын Excalibur мен эксперименттік белсенді-реактивті XM1113 снарядтары арқылы орындалды.

Вашингтон артиллерияға тектен-тек назар аударып отырған жоқ. 2017 жылдың желтоқсанында Америкадағы ықпалды RAND зерттеу орталығы ресейлік қарулы күштердің жауынгерлік мүмкіндіктеріне жасалған талдауды жариялады. Батыс аналитиктерінің пікірінше, алда-жалда соғыс бола қалса, Ресей бетпе-бет келместен қарсыластың жердегі әскеріне мейлінше залал келтіруге тырысады.

"Орыстар барынша артиллерияны қолданатын болады, - деп ескертті RAND. – Бұл жағынан олар батыс әскерінен басым түсіп тұр. Мысалы, америкалық құрлықтағы әскер бригадасында бір ғана артиллериялық батальон бар. Ресейлік бөлімдерде оқ атуға қолдау көрсету бөлімшелері өте көп. Бетпе-бет келген жағдайда америкалықтарға зеңбірек пен ЖОРЖ саны әлдеқайда басым қарсыласпен күресуге тура келеді".

Ресей мен АҚШ маңызды келісімге келді – видео

АҚШ расында да кейін қалып отыр. Ресей әскеріне 2016 жылдан бері модернизацияланған "Торнадо-С" ЖОРЖ қабылдануда. Үлкен қашықтықтағы нысаналар тобының көзін жоюға арналған бұл реактивті жүйе 120 километрде әрекет ете алады. Қорғаныс министрлігі бұл көрсеткіш болашақта 200 километрге жететінін мәлімдеді. Еске салсақ, америкалық HIMARS бағындықған қашықтық небәрі 80 километр.

Ресейдегі "Смерч" жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйе жүз километрге ұшатын жаппай снарядтармен оқ атуда. Иә, америкалық ЖОРЖ-ды шағын қашықтыққа арналған ATACMS жедел-тактикалық баллистикалық зымырандарды іске қосу үшін қолдануға болады. Олардың қашықтығы – 300 километр. Бірақ "Искандер-М" ЖТЗК 500 километр қашықтықта нысаналарды дәлдей алады.