НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Қазақстанда онкологиялық ауруы бар адамдарға отандық QazCovid-In вакцинасы салынады. Қазақстанның онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы, академик Диляра Қайдарова себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазіргі кезде онкологтар қауымы осы санаттағы пациенттерге коронавирусқа қарсы вакцина салу мәселесін қарастырып жатыр. Ал Американың онкологтар қауымдастығы хаттама да әзірлеп қойды. Оған сәйкес, ремиссия кезінде вакцина салуға болады. Бірақ толығымен диагностикалық тексерістен өту керек. Сондай-ақ, хирургиялық емделуге дайындалып жатқандар болады. Олар да вакцина алып, сосын хирургиялық емделуге барса болады. Әрине, алдымен дәрігердің рұқсаты болуы керек", – деді Қайдарова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, қазақстандық мамандар әріптестерінің хаттамаларын алды. Енді, соны онкологиялық диспансерлерде енгізу жоспарланып отыр.
"Сол себепті елімізде онкологиялық ауруы бар адамдарға вакцина салу мәселесі әлі қаралып жатыр. Бірақ Америка мен Еуропаның онкологтар қауымдастығы пациенттерге тірі емес вирусы бар вакцина салуға кеңес беріп отыр. Сондықтан біз қазақстандық вакцинаны күтіп отырмыз. Ол екпе жаңағы талапқа сай келеді", – деп атап көрсетті Қайдарова.
Ресми мәліметке сәйкес, пандемия басталғалы бері онкологиялық ауры бар 5 600 адам коронавирус жұқтырған. Олардың ішінде 45 науқас осы диагноздан қайтыс болды.
Бүгінде осы санаттағы адамдар емделуге жатардың алдында ПТР-тест қана емес, өкпенің компьютерлік томографиясын да жасатады.
"Негізі, науқас коронавирус жұқтырса, емдеу тоқтатылады. Себебі химия терапия немесе сәуле терапиясы жасалғанда коронавирус қосылса, пациенттің жағдайы нашарлап кетуі мүмкін", – деді Қайдарова.
Оқи отырыңыз: Қатерлі ісік пайда болады: дәрігерлер қандай тағамнан бас тарту керектігін айтты
Айта кетейік, республика бойынша 190 мыңнан астам адам онкологиялық аурумен есепте тұр. Бірінші орында – сүт безінің қатерлі ісігі, екінші орында – өкпенің қатерлі ісігі, одан кейін асқазан мен ішектің қатерлі ісігі келеді. Науқастардың көпшілігі өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болып жатады.