НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау, деп мәлімдеді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың "Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар мен құралдар" атты конференцияға қатысушыларға бейнеүндеуін жариялады.
"Бүгінде еліміздің қыз-келіншектері түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетуде. Бұл – Сіздерге тән еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Осыған орай, нақты шаралар қолға алынды", - деді президент.
Тоқаев қазір басшылық қызметтегі әйелдердің қатары көбейіп келе жатқанын, парламентте оларға арнайы квота берілгенін атап өтті.
Сондай-ақ, әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43 проценттен асты.
"Жеке кәсіпкерлердің тең жартысынан көбі – өздеріңіз сияқты қыз-келіншектер. Біз еліміздің дамуына белсене атсалысып жүрген осындай іскер аруларымызға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Таяуда әйелдер кәсіпкерлігін жандандыру мақсатымен еліміз бойынша 17 орталық ашылды", - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Ол осы орталықтар әйелдердің бизнестегі жаңа идеяларын іске асыру үшін жұмыс жүргізетінін атап өтті.
"Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау. Осы орайда, Елбасының бастамасымен қабылданған 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мәні ерекше. Бұл маңызды құжат осы бағыттағы жұмысымызға айрықша серпін беріп отыр", - дейді Тоқаев.
Оның айтуынша, еліміздегі әйелдер қауымы мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдалануда. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен аруларымыз аз емес. Шағын және орта бизнесті меңгерген қыз-келіншектер де көп.
Соның айқын көрінісі – қазіргі індет кезіндегі дағдарысқа қарамастан, елімізде әйелдер қауымының экономикадағы рөлі артуда. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, дейді президент.
Оқи отырыңыз: Президент биліктегі әйелдер туралы не ойлайтынын айтты
"ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, аруларымызға тән ғажайып үйлесім, айрықша ұмтылыс, әр іске деген шығармашылық көзқарас, еңбекқорлық пен жауапкершілік – ұлтымыздың жаңа болмысын нығайтатын қасиеттер. Баршаңызды алдағы Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!", - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.