Қарағанды гарнизонының "Спасск" полигонында Қазақстан қорғаныс министрлігінің мамандары NEFER жауынгерлік модулі бар ARMA 8x8 дөңгелекті броньды машинаны сынақтан өткізуді жалғастыруда. Қазақстан әскерін қаруландыру мақсатында бұл ауыр техниканы түріктердің Otokar компаниясы ұсынған болатын. Сынақтардың ұзақтығына қарағанда ARMA 8x8 машинасының бет алысы жаман емес секілді. Ол өткен жылдың көктемінен бері қазақ даласында жүйткіп жүр.
Қазақстан Ресейде шығарылған жаңа әскери техниканы Ресей Федерациясының ішкі бағасымен сатып алады. Сонымен қатар Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіптік кешендері ресейлік броньды машиналарды жөндеу және жаңартуға жақсы бейімделген. "Уралвагонзавод" кәсіпорнымен арадағы келісім бойынша республикада Т-72 танктері мен БМП-1 және БМП-2 жаяу әскер машиналарына қызмет көрсету, модернизациялау және жөндеу орталығы құрылды.
Дүниежүзілік қару-жарақ нарығының шамамен 30%-і Ресейдің үлесінде. Сондай-ақ Ресей әскери мақсаттағы өнім шығару және ол өнімді әлемдегі 50 елге (соның ішінде ТМД-ның жеті еліне) жеткізу бойынша екінші орында тұр. 2020 жылы ресейлік қорғаныс өнімдерінің экспорты 13 миллиард доллардан асты. Тапсырыстар портфелінде 55 миллиард долларға жасалған келісімшарттар бар. Бұл ресейлік қарудың сапасына кепілдік деп бағалауға тұрарлық статистика. Ресей Федерациясы дәстүрлі түрде жаңа броньды машиналармен жабдықтаушылар рейтингінде көш бастап тұр. Бір ғана 2010-2017 жылдар аралығында 1,48 миллиард долларға 1200-ден астам соғыс техникасы сатылған. Әйтсе де қазақстандық мамандар түріктің ARMA броньды машинасына не себепті қызықты?
Бірқатар сарапшы кей мемлекеттердің өздеріндегі шынжыр табанды техниканы жаңа машинамен ауыстыруға деген ниеттерін Otokar ARMA машинасының басымдылығы ретінде атады. Ал батыстағылар "жаңа машина әлемнің басым елдерінде қолданылып келе жатқан кеңестік броньды тасымалдағыштардың орнын басатынын" айтты. Енді машинамен жақынырақ таныссақ.
Қазақстанға арналған полигондық үлгі қазақ әскері үшін арнайы әзірленген NEFER әскери модулімен жасақталған. Бұл модуль нысананы көздеу кешені мен жылуды анықтау камерасын қолдану арқылы түнгі уақытта атысуға мүмкіндік береді. Алты адамнан тұратын десант артқы жақта орналасқан жалғыз есік арқылы кіріп-шығады. Стандартты жинақта кондиционер бар.
ARMA 8x8 брондалған машинасы 2011 жылдан бері шығарылып келеді. Otokar фирмасының мәліметі бойынша, 24 тонналық машина маневрі, жылдамдығы, қозғалыстағы ептілігі, баллистикалық және мина қарсы қауіпсіздігі деңгейі бойынша НАТО талаптарына толық сәйкес келеді. Тактикалық дөңгелекті броньды тасымалдаушы сағатына 8 шақырымға дейінгі жылдамдықпен су айдындарынан кедергісіз өте алады. Тас жолдардағы жоғарғы жылдамдық сағатына 105 километрге дейін жетеді. Конструкциясы тапсырыс берушінің қалауы бойынша әскери модульдерді орнату арқылы көлікті әртүрлі міндеттерге қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.
Алайда түрік өндірісіне жататын бұл ауырт техникаларда тек электроника мен броньды корпус қана түріктерге тиесілі. Әйтпесе МТU және "Скания" қозғалтқыштары шведтер мен немістердікі, трансмиссия – Америкаға немесе Германияға тиесілі, зеңбіректері АҚШ-та дайындалған "Бушмастер" немесе Ресейдегі 2А42.
Осыған ұқсас ресейлік броньды тасымалдағыш БТР-90 машинасымен салыстырып көрейік. Оның қозғалтқышының қуаты – 510 л.с. Яғни түріктердің техникасынан әлдеқайда үлкен. Жылдамдығы сағатына 100 километрді құрайды. БТР-90 машинасының маневр жасау мүмкіндігін арттыратын ерекше трансмиссиясы бар. Ол борттық ақпараттық-басқару жүйесімен жабдықталады. Экипаж бен десант саны – сәйкесінше үш және жеті әскери қызметкер. Салмағы – 22 тонна. Түріктердің техникасынан екі тоннаға жеңіл. Оның қарулану кешені де жинақы. 30 миллиметрлі 2А42 автомат зеңбірегі мен 7,62 миллиметрлі оқшашардан бөлек танкке қарсы "Конкурс-М" зымырандары және АГ-17 гранатометтермен жабдықталған. Осы аталғандарды ескерген күннің өзінде Ресей оны мінсіз машина қатарына жатқызбайды. Орыстар әлдеқайда жеңіл БТР-82А немесе "Бумерангтерді" қолдануға басымдық беріп отыр.
Қызығы, Қазақстанда дайындалған "Барыс" 8х8 броньды тасымалдағышы көп көрсеткіш бойынша түрік машинасынан әлдеқайда асып түседі. "Барыс" турбодизельді қозғалтқышының қуаты 500 л.с. Тас жолдағы жылдамдығы – сағатына 100 километр. Экипаж бен десант саны – 11 адам. Салмағы – 19 тонна. Яғни түрік техникасынан 5 тоннаға жеңіл.
"Казахстан Парамаунт инжиниринг" компаниясының машинасында баллистикалық және минадан қорғаудың жоғары деңгейі, жауынгерлік модульдердің кең спектрі бар. Бәлкім өндіріс көлемі әзірше шектеулі шығар. Бірақ әскерді қайта қаруландыру бүгінгі күні аса қажет. Сол себепті ұсыныстарды, таңдаудың технологиялық және әскери-саяси салдарларын мұқият зерттеп алу қажет.
21AAR басылымының "Otokar ARMA НАТО-ға мүше мемлекет құрастырған ең үздік броньды тасымалдағыш және ол Франция мен Германияда жасалған балама машиналардан бірқатар көрсеткіш бойынша жоғары тұр"деген пікірімен келіспеске болмайды. Бірақ бұл артықшылықтар түрік техникасы ТМД елдерінде сәтті қолданылатынына кепілдік емес. Ресей Федерациясы секілді бәсекелестері бар уақытта қазақстандық әскерді қаруландыру түріктерге ғана жүктеледі деп үміттенуге болмайды.