Өңірлер

Қызылордадағы қайғылы оқиға: Текебаевтарға жаңа баспана сыйлады

Демеушілердің көмегімен Текебаевтар отбасы қаланың жаңа ауданындағы алты бөлмелі жаңа үйге қоныс аударды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Өрт кезінде ең кенже қызы мен үйінің барлық мүлкінен айырылған Текебаевтар отбасы Қызылорданың "Арай" ықшам ауданындағы кең үйге көшті.

Еске салсақ, ағымдағы жылдың 18 ақпанында Қызылордада "Әл-Фараби" ықшам ауданындағы шағын үйде өрт шықты. Бұл баспананы бес балалы отбасы жалдап тұрған. Өрт кезінде үйде бес бала мен олардың анасы болған. Әйел төрт баланы құтқарғанымен, үйдің кенжесі – Ардақ оқиға салдарынан көз жұмды.

"Балалардың анасы, 1993 жылы туған Дамира есімді келіншек көмірқышқыл газымен уланып, алақандарын күйік шалған. Ол қалалық ауруханаға жатқызылды. Қазір оның жағдайы тұрақты ", – деп хабарлады Қызылорда облысының әкімдігі.

Дамираның төрт қызы да балалар ауруханасында бірнеше күн ем қабылдады. Өйткені, олар өрт кезінде улы газбен тыныстап үлгерген. Дәрігерлердің көмегімен олардың жағдайы тұрақталды.

"Сондай-ақ, қайырымдылық қорларының қолдауымен жиналған қаражатқа өрттен зардап шеккен Текебаевтар отбасы үшін жаңа алты бөлмелі үй сатып алынды. Жаңа баспана "Арай" ықшам ауданында орналасқан", – деді әкімдіктегілер.

Текебаевтар отбасының жаңа баспанасымен танысуға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова келді. Ол балаларға сыйлық ала келіп, отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл білдірді. 

Қызылордадағы қайғылы оқиға: Текебаевтарға жаңа баспана сыйлады

"Көз жазып қалған баланың орнын ештеңемен толтыра алмаймыз. Бұл бүкіл қызылордалықтар үшін қайғыға айналды. Барлық бала аман болсын деп тілеймін. Көз жұмған сәбидің жаны тыныштық тапсын!", – деді Әбдіқалықова.

Оқи отырыңыз: 20 жылға сотталуы мүмкін: Қызылордада 29 жастағы жігіттің азғындық әрекеті әшкере болды

Әкімдік пен өңірдегі кәсіпкерлердің қолдау көрсетуімен Текебаевтарға бір айға жететіндей азық-түлік жеткізілді. Отбасындағы балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар да берілді.