Қоғам

Бүгін – Алғыс айту күні

Мереке өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуді, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуд көздейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Бүгін Қазақстанда Алғыс айту күні аталып өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Биыл осы мерекенің белгіленгеніне бес жыл толып отыр. Қазақстандықтар оны алтыншы рет тойлайды. 2016 жылы 14 қаңтарда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялады. Содан бастап елімізде тағы бір мейрам пайда болды.

Алғыс айту күні – бірлік пен достықтың жарқын мерекесі.

"Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болады", - деген елі Назарбаев Ассамблея сессиясында.

Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.

Алғыс айту күнінде еліміздің түкпір-түкпірінде дәстүр бойынша көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Мәселен, астанада Алғыс айту күнінің белгіленгеніне 5 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтеді.

Іс-шара жаңа бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық және тарихи сананы жаңғырту, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеру мәселелеріне арналады.

Оқи отырыңыз: Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шаралар қалай өтеді

Дөңгелек үстел аясында "Тұңғыш президент жолымен бейбітшілік пен келісімге 30 жыл" халық экспедициясы және "Қайырымдылық керуені: 30 игі іс" қайырымдылық марафонының тұсаукесері өтеді.

Ал астанадағы "Қазақ еліне мың алғыс!" монументінде алғыс білдірудің салтанатты рәсімі өтеді. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, депутаттар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысады.