НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Алматыда жүк көлігі тегіс жерде пайда болған ауқымды шұңқырға түсіп кетті. Кейбір мәліметтер бойынша, төтенше жағдай Қажымұқан көшесінде болған.
Оқиға орнына Медеу аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы аттанды, деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Содан кейін ғана оған құқықтық баға берілетін болады", – деді полиция өкілдері.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы апат салдарынан оқиға орнына жақын жерде тұрған кәсіпорын қызметкері зардап шеккенін хабарлады.
"Жәбірленушінің "миы шайқалып, кеуде қуысы зақымдану" диагнозымен №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде оның жағдайы орташа ауыр", – делінген ақпаратта.
Оқи отырыңыз: Алматыда тежегіші істен шыққан жүк көлігі әп-сәтте темір үйіндісіне айналды – фото
Айта кетейік, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына аттанған.