Қоғам

Көктемде 276 елді мекенді су басуы мүмкін – ТЖ министрі

Министр солтүстік және орталық өңірлердің әкімдіктері елді мекендерден қар шығару жұмысын жандандыру қажет екенін ескертті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Қазақстанда көктемгі су тасқыны кезінде 276 елді мекенді су басуы мүмкін. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп 2017 жылы ел бойынша көктемде су басуға неғұрлым бейім 905 елді мекенді анықтады. Ал су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жол картасын іске асыру аясында үш жыл ішінде 315 елді мекеннің су астында қалуына жол берілмеді және тағы да 314 ауылда қауіп-қатер барынша азайтылды.

"Қазір су басу қаупі бар аймақта республика бойынша 276 елді мекен қалып отыр, бұл 270 мыңнан астам адам. Оларды су тасқынынан қорғау үшін 2023 жылға дейінгі жаңа жол картасы бекітілді. Оны іске асыруға республикалық  және жергілікті бюджеттерден 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр", – деді Ильин үкімет отырысында.

Министр өңірлерде алдағы су тасқынына қарсы дайындық қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Айтуынша, жанар-жағармай (3,2 мың тонна), инертті материалдар (224,3 мың тонна) мен құм салынған қаптардың (886 мың дана) қоры қалыптастырылды.

Шұғыл шығындарға да төтенше резерв көзделіп, шамамен 38 миллиард теңге алдын ала салынған.

Саны 38 мың адамнан асатын азаматтық қорғау құралымдары, 13 мың бірлік техника, 500-ден аса жүзу және 2 500-ден аса су сору құралы айқындалды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда тасқын судың есебінен электр энергиясы арзандауы мүмкін

Елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда, бүгінде 13 миллион текше метрден астам қар шығарылған.

Ильин солтүстік және орталық өңірлердің әкімдіктері елді мекендерден қар шығару жұмысын жандандыру қажет екенін ескертті.