Әлем

Екі баласын өлтірген мәскеулік әйелдің ондай әрекетке бару себебі айтылды

Әйел адамның аяқ астынан жүйкесінің сыр беруіне күйеуінің ұзақ уақыт науқастанып жатқаны себеп болуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Өзінің екі баласын өлтірген Мәскеу тұрғынының бұл әрекетіне аяқ астынан ақылынан адасуы себеп болуы ықтимал, деп жазады mk.ru.

Басылым мәліметі бойынша, балалардың ата-анасы 12 жылдан бері некеде тұрған. Олардың туыстары отбасында қандай да бір проблема болмағанын айтады. Декреттік демалысқа шыққанға дейін әйел балалар дүкенінің меңгерушісі міндетін атқарса, оның жолдасы коммерциялық фирмада ІТ-бөлімнің басшысы болған.

Басылым ақпаратына сәйкес, әйел адамның аяқ астынан ақылы адасуы қайғылы оқиғаға себеп болған. Ол ас бөлмесінде тағам әзірлеп жатқан жерінен кілт тоқтап, өзінің екі баласын өлтірген де, содан соң өзіне қол жұмсауға тырысқан. Бірақ жарақаты жанына батып, өзі жедел жәрдем шақырған.

Ал жұмыстан үйге оралған отағасы балаларының әлдеқашан көз жұмғанын білмеген. Ол балалар ұйықтап жатыр деп ойлап, кешкі ас әзірлеген. Сол уақытта жедел жәрдем қызметі келген. Үй иесі дәрігер шақырмағанын айтқанмен, медицина қызметкерлері үйге кіріп, тұншықтыру арқылы өлтірілген балаларды және қансырап жатқан олардың анасын көрген. Әйел адам шұғыл ауруханаға жатқызылып, есін жиған соң ұлы мен қызын өлтіргенін мойындады.

Оқи отырыңыз: "Бұл еліміздің қасіреті": Тоқаев Жаңатастағы балалар өлімі туралы айтты

Мәскеу тұрғынының аяқ асты болған психикалық ауытқуына былтыр күзде жолдасының ұзақ уақыт коронавируспен ауырып, төсек тартып жатуы себеп болған деген болжам бар. Балалардың анасы бірнеше апта бойы отбасындағы барлық ауыртпалықты өзі көтерген. Осының салдарынан депрессия пайда болуы мүмкін.

Бұған дейін тергеу комитетінде атап өткендей, 2021 жылдың 20 ақпанында Мәскеудегі пәтерлердің бірінде әйел өзінің 3 және 11 жастағы баласын тұншықтырып өлтірген. Одан кейін ол өзінің мойнын жарақаттаған. Күдікті аурухана жеткізіліп, оған тиісті көмек көрсетілді.