Қоғам

"Бұл еліміздің қасіреті": Тоқаев Жаңатастағы балалар өлімі туралы айтты

© Sputnik / Владислав ВодневҮзілген гүл
Үзілген гүл - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.02.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласында қаза болған балалардың ата-анасына көңіл айтты

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласында болған өрт салдарынан балалардың қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Мемлекет басшысы Әбдімәліковтер отбасының қайғысын бөлісіп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына жұбату лебізін білдірді. Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды", – деп жазды ол.

Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жеткізді.

Жаңатастағы трагедия

Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңатас қаласында пәтерден өрт шығып, 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған 2 ұл мен 3 қыз уланып, ауруханаға жатқызылды. Балалар біраз уақыттан кейін жан тапсырды.

Бес баланың өмірін қиған өрттің себебі анықталды

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек онлайн-брифинг барысында бес кішкентай баланың өмірін қиған өрттің неден шыққанын айтып берді. Ал әкім орынбасары бұл істі тергеу үшін құрылған арнайы комиссияны басқарады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ашық отқа тез жанғыш материалдың тиюінен шыққан, ол төсек-орын жабдығы болуы мүмкін. Өрт балалар бөлмесінде болған. Жалын 16 шаршы метрге жуық аумаққа шарпыды. Балалар газдан уланып қайтыс болды, олардың денесіне зақым келмеген, күймеген. Бұл тергеудің алдын ала мәліметі", – деді әкім орынбасары.

Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің бастығы Бақыт Ратаев Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Біздің мәліметіміз бойынша, өрт шыққан кезде балалардың анасы дүкенге кеткен. Әкесі жұмыста болған. Өрт басталғаннан кейін дереу көршісі анасына телефон соққан. Ол үйге тез, 10-15 минуттың ішінде келген. Жерлеу рәсімінен кейін ата-анасымен сөйлесеміз. Олармен психологтар да жұмыс істеп жатыр", – деді Ратаев.

Отағасы медициналық мекемеде жұмыс істейді, анасы декреттік демалыста.

Оқи отырыңыз: Бүкіл елді есеңгіреткен қайғылы оқиға болды – Бердібек Сапарбаев

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев әлеуметтік желіде жарияланған өрттің себебі туралы ақпарат жалған екенін атап өтті.

"Кейбіреулер өрттің шығуына қандай да бір жылыту құралы себеп болған деп жазып жатыр. Олай емес. Үй орталық жылуға қосылған", – деп мәлімдеді Момбаев.

Жаңалықтар
0