НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Қазақстанда 65 жастан асқан адамдарға коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға рұқсат етілді. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы елдің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовқа сілтеме жасап хабарлайды.
"Қаулымен жастың жоғарғы шегі бойынша шектеуді алып тастадық. Бірақ, қарт адамдарға вакцина салмас бұрын, олардың денсаулығын, қандай да бір ілеспе ауруларының бар-жоғын мұқият тексеру қажет", - деді Қиясов телеарна эфирінде.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомство 65 жастан асқан адамдарды вакциналау жоспарына қосу мәселесін қарайтынын мәлімдеді. Ол созылмалы аурулардың бар-жоғы, аллергиялық реакция ескерілетінін нақтылаған болатын.
Тағы оқыңыз: Елорда тұрғындарына COVID-19-ға қарсы вакцина қашан салынады
Дүйсенбі, 22 ақпанда, денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасының екінші дозасын алды.
Министрлік санитарлық талаптарды сақтау мақсатында медициналық мекемеге журналистерді шақырған жоқ.
Жыл соңына дейін алты миллионға жуық қазақстандыққа вакцина салу жоспарланып отыр.