Елорда тынысы

Елорда тұрғындарына COVID-19-ға қарсы вакцина қашан салынады

© Sputnik / Тимур БатыршинКанистры со льдом для охлаждения вакцины
Канистры со льдом для охлаждения вакцины - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.02.2021
Жазылу
Вакцинация екі кезеңнен тұрады: бірінші дозадан кейін 21 күн өткен соң, екіншісі егіледі. Бүгін, 22 ақпанда, республика бойынша "Спутник V" вакцинасының екінші дозасын егу басталды

НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтан тұрғындарына коронавирусқа қарсы вакцина мамыр айында егіле бастайды. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, 1 ақпаннан бері елордада ресейлік "Спутник V" вакцинасының бірінші дозасы 2 008 медицина қызметкеріне егілді. Олар: жедел жәрдем, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, инфекциялық стационарлар, жансақтау бөлімдері, науқасты қабылдау бөлмесі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, сараптама орталығы мен қаладағы стационарлардың жұмысшылары.

Екінші кезеңде вакцина педагогтер мен күш құрылымдарының қызметкерлеріне салынады. Одан кейін сәуір айында студенттерге егіледі.

"Вирусты жұқтыру қаупі жоғары санаттағы адамдар түгел қамтылғаннан кейін ғана қала тұрғындарына екпе егіледі. Яғни, болжаммен, мамыр айында біз қала халқына вакцина салуды бастаймыз", - деді Бейсенова онлайн брифингте.

Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Екпе, алдымен, инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.

Айта кетейік, вакцинация екі кезеңнен тұрады: бірінші дозадан кейін 21 күн өткен соң, екіншісі егіледі.
Бүгін, 22 ақпанда, республика бойынша "Спутник V" вакцинасының екінші дозасын егу басталды.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллионға жуық адамға вакцина салуды жоспарлап отыр.

Жаңалықтар
0