Экономика

Мұнай бағасы қайта қымбаттай ма?

Соңғы жүз жыл ішінде тауар-шикізат нарығында төрт супер цикл болды. Соңғы супер цикл 1996 жылы басталып, оның 12 жылдық өсімінің ең жоғарғы көрсеткіші 2008 жылға дөп келді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан — Sputnik. Мамандар пандемия салдарынан құлдырап кеткен мұнай бағасы қашан қалпына келетінін болжап жатыр. Дәл осы шақта әлемдегі ең ірі инвестициялық банктің бірі – JP Morgan Chase сарапшылары шикізат нарығында баға өсімінің соңғы жүз жылдағы бесінші суперциклі басталғанын мәлімдеді, деп жазды РИА Новости.

2020 жылы мұнай саласы бірнеше құлдырау толқынын бастан өткерді. Оған бірнеше фактор ықпал етті. Соның бірі – сұраныстың төмендеуіне қарамастан шикізаттың шамадан тыс өндірілуі, сондай-ақ, пандемия және локдаун. Наурызда мұнай екі есеге арзандады. Алайда күзде нарық қайта жандана түсті. Оған вакцинаның сәтті сынақтары мен АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі әсер етті. Джо Байден жасыл технологияларды жақтаушы. Ол Дональд Трамп секілді америкалық мұнайшыларды қолдай қоймайды. Қаңтар айына қарай баға белгілеулері сегіз айдағы максимумге жетті. Баға өсіміне ОПЕК+ ұйымының өндірісті шектеу бойынша кезекті шешімі ықпал етті. Нәтижесінде қазір мұнайдың бір баррелі 63 доллардан сатылып жатыр.

2021 жылы мұнай бағасы қанша болады
Мұндай қарқын саланың қалпына келе бастағанын және одан әрі өсімін қамтамасыз ететін жағдай қалыптасып жатқанын білдіреді. Бұл ең алдымен жасыл энергетикаға көшуге асықпай жатқан Азия елдеріндегі сұраныстың қайта жандануымен байланысты болды.

Осыдан бір ай бұрын тұрақсыз жағдайға байланысты болжамдар тым ұстамды еді. Мысалы, Fitch халықаралық рейтинг агенттігі жедел вакцинация болған жағдайда ғана оң өзгерістер күтетінін хабарлады. Сарапшылар вакциналау оң сипат алған күннің өзінде саладағы оң көрсеткіштер орташа деңгейде болады деп болжады.

Алайда ақпан айының басында JP Morgan Chase ірі инвестициялық банкінің экономистері шикізат тауарлары нарығында өсудің жаңа супер циклі басталды деп мәлімдеді. Олар ауыл шаруашылық өнімдері, металдар бағасының күрт артуы және мұнай бағасының бір баррелі 50 доллардан жоғары болуын атап көрсетті.

Соңғы жүз жыл ішінде тауар-шикізат нарығында төрт супер цикл болды. Соңғы супер цикл 1996 жылы басталып, оның 12 жылдық өсімінің ең жоғарғы көрсеткіші 2008 жылға дөп келді. Оған әлемдегі көмірсутектердің негізгі тұтынушысы саналатын Қытайдың экономикалық өсімі септігін тигізді. Ал қазіргі суперциклге пандемиядан кейінгі қалпына келу, тым "жұмсақ" ақшалай кредиттік және бюджеттік саясат, әлсіз доллар, инфляцияның жеделдеуі және агрессивті экологиялық саясат себепші болып отыр.

Әйтсе де, жағдай 2000-шы жылдардағыға ұқсас: шикізат нарығындағы баға белгілері көпжылдық жоғарғы көрсеткішке жетті. Мысалы, Қытай жүгері мен сояны көп мөлшерде сатып алғаннан кейін, АҚШ-та осы ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Ал дүниежүзілік қорлардың азаюы тапшылық болуы мүмкін деген үрейлі болжамға алып келуде.

ОПЕК+ келісімінен кейін мұнай бағасы 54 долларға өсіп, теңге қымбаттады
"Платина мен мыс бағасы да шарықтау шегіне жетті. RJO Futures активтерінің аға басқарушысы Джон Карузо атап өткендей, платинаға деген сұраныс ұсыныстан асып түсіп жатыр. Ал мыс қорлары Лондонның металл биржасы мен Comex биржасында соңғы он жылдағы ең төменгі деңгейге жақындады. Мұнай пандемия кезіндегі дағдарыстан сәтті шығып келеді", - деп жазды Bloomberg.

JP Morgan пікірінше, мұнай өндірісін шектей алатын және металға деген сұранысты арттыруға қабілетті климаттың өзгеруіне қарсы күрес те тағы бір маңызды фактор бола алады.

Шикізат нарығындағы ұзақ мерзімді серпіліс болуы ықтимал. Себебі, Уолл Стрит экономика пандемиядан кейін тез қалпына келіп, инфляцияны хеджерлейді деп болжауда. Тауар нарығында бағаның өсуін тек JP Morgan Chase емес, сонымен қатар Goldman Sachs Group, Bank of America, Ospraie Management сияқты қаржы алпауыттары да күтіп отыр.

Жалпы, Goldman Sachs компаниясы төртінші тоқсанда Brent мұнайының бағасы бір баррель үшін 65 долларға жетеді деп болжаса, Bank of America (BofA) жартыжылдықтың соңына қарай бұл баға 60 доллар шегінде болады деген пікір білдірді. Ал Citigroup жыл соңына қарай Brent мұнайы 70 доллардан, WTI 68 доллардан сатылады деген болжамын айтты.