Қоғам

Шымкентте екі ер адам қызды зорламақ болғанда күтпеген оқиға болды

Еңбек демалысында жүрген қатардағы жауынгер Артем Калашников қыздың көмек сұрап, айғайлаған даусын естиді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Шымкентте Ұлттық ұлан сарбазы Артем Калашников түнде жас қызды екі ер адамнан құтқарып қалды, деп хабарлайды Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Оқиға 13 ақпан 00.40 шамасында Жібек жолы көшесінде болды.

Үйіне келе жатқан Артем әйелдің көмекке шақырып айғайлаған даусын естиді. Қатардағы жауынгер ойланбастан дауыс шыққан жаққа ұмтылған.

"Әскери қызметші еңгезердей екі ер адамның жас қызға күш көрсетіп, зорлауға әрекет жасап жатқанын байқайды. Артем бірден олармен төбелесе кетеді. Бұзақылардың біреуін шетке лақтырып тастап, екіншісімен төбелесе жөнеледі. Жекпе-жек тәсілдерін қолданып, бұзақыны жерге құлатып, үстінен басып отырады, ал екіншісі сол мезетте оқиға орнынан қашып үлгереді", - делінген хабарламада.

Тағы оқыңыз: Шымкентте әйел зорламақ болып жатқан ер адам видеоға түсіп қалды

Ұсталған ер адам Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

"Мен қыздың айқайлаған дауысын естіген кезде, ойланбастан бірден сол жаққа жүгірдім. Менің ойымша, әрбір азамат тура осылай жасар еді", - дейді Артем Калашников.

Күдіктілерді ұстау кезінде сарбаз қолын жарақаттап алған.

Қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды, екінші күдікті іздестірілуде.

Айта кетсек, Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Артем Калашников еңбек демалысында жүрген.